УЗИ бір жерде, КТ басқа жерде: Мәжілісмен елдегі емхана мәселесін сынға алды

Қаракөз Амантай 09 қаң. 2025 11:06 480

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі жаңа жазбасында Қазақстандағы алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек жүйесіндегі мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Астана қаласындағы №4 қалалық емханада кездесу өткізіп, қабылданған жаңа заңдардың іске асырылуы мен ПМСП-нің өзекті мәселелерін талқыладық.

Тіркелген медициналық инциденттердің саны 10 еседен астам өсіпті. Бұл маңызды қадам, себебі бұрын жасырын қалып келген жағдайлар тіркеле бастады. Енді бұл деректерді медициналық персоналды оқыту және қызмет сапасын арттыру үшін тиімді пайдалану қажет”, — дейді депутат. 

Оның айтуынша, ауруханаларға медициналық зерттеулерді квоталау – мысалы, айына МРТ немесе КТ санына шектеу қою – кезек санының көбеюіне әкеледі.

“Медициналық зерттеулерді квоталау.

Денсаулық сақтау министрлігі енгізген сызықтық шкала жүйесі емханаларда зерттеулердің санын шектейді (мысалы, айына 10 МРТ немесе 10 КТ). Бұл бірнеше проблема тудырады:

• Кезектердің ұзаруы. Аппараттар бос тұрса да, айлық квота таусылғаннан кейін науқастарды келесі айларға жазады.

• Ұзақ күту қажеттігі халықтың наразылығын тудырады”, — дейді ол.

Асхат Аймағамбетов кешенді жан басына шаққандағы нормативтің (КЖН) тиімділігіне де күмән келтірді.

“Комплекстік жан басына шаққандағы нормативтің (КПН) тиімділігі.

Емханалар әр тіркелген азамат үшін ай сайын 1600 теңге (қосымша коэффициенттермен) алады. Бұл ақша азамат емханаға жүгінгеніне немесе жүгінбегеніне қарамастан беріледі. Бұдан бөлек, егер пациент келсе, емхана қосымша қаржы алады. Бұл жүйе емханаларды тіркелген халықпен белсенді жұмыс істеуге қалай ынталандырады? Қаражат қаншалықты тиімді жұмсалады?” – деп сұрақ қойды депутат.

Ол өзіне тіркелген емхананың жұмысын мысал ретінде келтірді.

“Емхана қызметтерді солай ұйымдастырады, бір көмек алу үшін қаланы аралауға тура келеді: УЗИ – бір жерде, КТ – басқа жерде, дәрігер – үшінші жерде. Ақырында, ақылы клиникаға бару жеңілдеу болып шығады, бірақ мемлекеттік емхана бәрібір ай сайын мен үшін тіркелген пациент ретінде КЖН алады,” – деп атап өтті халық қалаулысы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар