Freedom Inside '26

«Үздік әкім» атанған шенеунікке балабақша қызметкерін ұрды деген айып тағылды

«Үздік әкім» атанған шенеунікке балабақша қызметкерін ұрды деген айып тағылды
gov.kz

Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырға қатысты сотта даулы іс қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, өткен жылдың соңында 39 жастағы әкім жергілікті балабақшаның тәрбиешісін ұрып-соғып, басына және бетіне бірнеше соққы жасаған. Сондай-ақ, оқиға кезінде балағат сөздер айтқаны да көрсетілген. Дәрігерлер жәбірленушіге «ми шайқалуы» деген диагноз қойған.

Зардап шеккен тәрбиеші өзінің әкіммен жақын қарым-қатынаста болғанын айтқан. Алайда Қазбек Аққайыр бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарып отыр.

Бұл әкімнің аты бірінші рет дау-дамайға іліккен жоқ. Биылдың өзінде Әдеп жөніндегі кеңес оған екі рет тәртіптік жаза қолданған. Сондай-ақ, тұрғындармен дөрекі сөйлегені үшін де бірнеше шағым түскен.

Айта кетейік, Қазбек Аққайыр 2020 жылы республикалық «Үздік ауыл әкімі» байқауында жеңімпаз атанған болатын.