УРСУЛАНЫҢ ҰРПАҒЫ

Dalanews 30 қаң. 2015 03:05 1255

[caption id="attachment_8869" align="alignright" width="249"]E Габриэль Гарсиа Маркес[/caption]

Былтыр әлемге аты мәшһұр жазушы, Нобель сыйлығының иегері Габриэль Гарсиа Маркес 87 жасында дүниеден озды. Ұзын-ырғасы 10 роман, 50 әңгіме, 10 повесі бар жазушының әр шығармасы әлем әдебиетінің жауһары саналады. «Мыңжылдықтың ең үздік төрт қаламгері» деген сауалнамада Шекспир, Данте, Сервантестермен қатар аталуы жайдан жай емес.

ХХ ғасырдың екінші жартысында Оңтүстік Американың бұйығы тірлігін әдебиетімен әлемге паш еткен үркердей топтың белортасында Маркес те жүрді. Ж. Амаду, М. Астуриас, А. Карпентьер, Х. Борхес, Х. Кортасар, М. Льоса секілді бірегей есімдер іркес-тіркес әдебиет майданына ойқастай еніп, «ұйқыдағы» бульканның оянуын сездірді. Олар саяси-экономикалық қақтығыстар тасқынын; диктаторлық билеп-төстеудің дәстүрге айналған шежіресін; ұмытылуға айналған тарихи сана мен эпикалық жадтың тереңдегі шұғыласын (өз үйектеріндегі); діни сенімнің бұтарлануы мен идеологиялық қарудың бетқаратпас қылышы – жалаң демократиялық ұрандардың аумалы-төкпелі тізбегін әр қырынан кестеледі. Олар әлем әдебиетін хаос пен түстен құтқарды немесе хаос пен түстің арасындағы өмірді мейлінше шынайы бейнелеп берді. Елес пен түс ишараларын өмірге әкелген испан ақындарының романтикалық поэзиясы болса, Мигель Астуриас оған шыт жаңа реңк берді, магиялық реализмнің қат-қабат персонаждарын қалыптады, оқиғалар мен табиғаттың арасындағы тылсым қатынастарды шебер үндестіре, шабытпен суреттеді – үнділік түпбастаулардың төркініне дендеді. Ал, Г. Маркес ешкім қайталай алмас кемелдіктің өрнегімен бұл бағытты ұшар шыңына шығарып, ғаламдық әдебиетте ғана емес, мәдениеттануда да ерекше орын алатын құбылыстарды сана түкпірінен барша халықтың ақыл-ой айналымына енгізді.

[caption id="attachment_8875" align="alignleft" width="354"]Kniga-sudeb ХХ ғасыр мәдениетіндегі аласұру-адасу сезімі оның әрбір туындысында өмір сүрді.[/caption]

«Жүгері адамдар» қандай керемет туынды болғанына қарамастан, «Жүз жылдық жалғыздықтың» биігіне бастар жолдың бірі еді. Маркес соны елден бұрын сезінді және адаспай тапты. Бұл Латын Америкалық әдебиеттің бірін бірі толықтыра білетін, саясын паналатуға дайын мәуелі бәйтерек екендігін көрсетеді. Маркес магиялық реализм арқылы заманауи һәм саяси өзгерістерді зар күйіне жеткізе жазуымен алға озды. Өзінің отанын ғана емес, тұтас үйекті, тіпті барлық жер бетін шарпыған індеттер мен ХХ ғасыр мәдениетіндегі аласұру-адасу сезімі оның әрбір туындысында өмір сүрді. Сөйте тұра ол ең алдымен жеке адамның күйреуін, рухани құлдырауын өз көзімен көре білді және жеке тұлғаның даму потенциялын ритмді ырғақтар арқылы жіпке тізді. Әлемнің қай түкпіріндегі оқырман болсын, маркестік «қиял әлеміне» бір енсе, қайта шығуы қиын еді... Себебі оның сөз қуаты өтірік пен шындықтың ортасындағы кеңістікте болатын.     
Маркес магиялық реализм арқылы заманауи һәм саяси өзгерістерді зар күйіне жеткізе жазуымен алға озды. Өзінің отанын ғана емес, тұтас үйекті, тіпті барлық жер бетін шарпыған індеттер мен ХХ ғасыр мәдениетіндегі аласұру-адасу сезімі оның әрбір туындысында өмір сүрді.

Ол үш топырақты бір арнаға тоғыстырды: Еуропалық дүниетанымның Америкада қауашақ жайған алауы мен үнділік мәдениеттің жауһар қоймасын және африкалық зәңгілердің жат өлкедегі жасырын, ел көзіне байқала бермейтін өзегін аршыды. Ол – осы үш арнаның бойынан өзгеше күшті бойына жиып, мифтер мен аңыздарды, сенімдер мен нанымдарды, өркениеттердің қақтығысы мен адами құндылықтардың өзгерісін ерекше шабытпен толғап, өзіндік байлам жасай білген бірегей суреткер. Оның шығармалары Колумбияның кешесі мен бүгіні туралы ғана емес, барлық адамзатқа ортақ құндылықтардың – жаңару мен ескірудің, үміт пен үрейдің, азғындау мен қайта түлеудің, «бар болу» мен «жоқ болудың» жүйелі де жүйесіз эволюциясын сазды да мұңлы нақышымен безбендегендігімен де аса құнды. «Торай құймышақты» сәбилердің дүниеге келуіне себепкер болған нәпсілік асқыну мен осындай қысылтаяң шақта адам баласының жаңа мекенді іздеуі (жаңа сенім, жаңа ой, жаңа тарих десек те болады, қазіргі адам баласы да өздеріне жаңа мекен іздеумен арпалысып жатқан жоқ па) құмырсқалардың «қырғыны» мен табиғаттың адам түсініп болмас тосын мінезі, жалғыздық пен махаббаттың тұтқынына айналған трагедиялық сүлделер мен ештеңеге сенбейтін, махаббатты тойымсыз ләззаттың құралы деп ұғатын «адасқан» ұлдың оралуы, періштелік пен ібілістік сезімнің арпалысы, бір отбасының дәурендеуі мен тұқымының құруы, өркендеудің жеделдеуі мен құрдымға кетудің одан да ілкімділігі – Макондоның қысқаша баяны. Дәстүр жоқ, дәстүр деп жүргеніміз миша былыққан будандасу теориясы. Адамзат ХХ ғасырда өз тарихын екі рет жаңалады: қан кешу... Бірақ адасқақ арман өзі іздеген ұясын тапқан жоқ, ақ көгершіннің шырылы әр жүректен бебеулейді. Жолсыз жерден жол саламыз деген ұран астында күн кешіп келеміз, бұрынғы даңғылдарымызды қиратып біттік. Сан ғасырлық ізденісіміз арқылы тұрғызған баспанамыздың сағым екенін түсіндік. Маркестік түңілістің түп қайнары арыда жатыр. Адамдар қателігінен сабақ алмайтындығын әлденеше шығармасында баян еткен жазушы Абыл мен Қабыл хикаятын бір сәт естен шығарған жоқ...

Ол қазіргі ақыл-ой білгірлері жарыса жазып, ой-талқы құрып жатқан тарихтың ақыры ұғымын философтардан ертерек, Макондо тағдыры арқылы бейнеледі. Жазушы «Адамзат түптің түбінде Табиғаттан жеңіледі...» дейтін ащы да ауыр ойды ұсынды дейтіндер де бар... Асылы, Маркес адамзатты құртатын Табиғат емес, адасқақ ой екенін ескертетіндей. Жалғыздықтың түпсіз шыңырауына құлаған рухани аштықтың соңы азғындықпен аяқталады деп ишаралайтындай... Бірақ үмітсіздіктің өзінен сәулелі үміт ұшқынын көрсете біледі.
Шындығында, Гарсиа Маркес  – Фолкнер мектебінің жаңа бағыттағы магиялық реализм әлемімен түлеген рухани ізбарасары деуге де болады. Ол сөйлем құрудың, текст қалыптаудың өзіндік ерекшеліктерін Фолкнерден ала отырып, өзіне дейінгі әдеби мазмұндар мен формалық ізденістерді,  дәл Маркес әдебиетке араласқан шақтағы үздіксіз жаңарған әдеби мектептер мен эстетикалық тұжырымдарды аса қатаң сүзгіден өткізген талғампаз суреткердің бірі.

Ол Макондо қалашығын әр шығармасының тіні ете отырып, кейіпкерлерін де бір шығармасынан келесісіне көшіре білген санаулы қаламгердің бірі. Жазушының бұл тәсілі У. Фолкнердің ашқан ізін өзінше мәнерде қайта түлеткені десек те болады. Йокнапатофа мен Маконда географиялық картада жоқ болғанымен, адамның рухани картасында – әдебиетте мәңгі өшпестей қашалған жер аттары осы қаламгерлерден басталды. Мо Янның «Гауми ауылы» - бұл үрдістің әлі де жалғасатынын білдіреді. Шындығында, Гарсиа Маркес  – Фолкнер мектебінің жаңа бағыттағы магиялық реализм әлемімен түлеген рухани ізбарасары деуге де болады. Ол сөйлем құрудың, текст қалыптаудың өзіндік ерекшеліктерін Фолкнерден ала отырып, өзіне дейінгі әдеби мазмұндар мен формалық ізденістерді,  дәл Маркес әдебиетке араласқан шақтағы үздіксіз жаңарған әдеби мектептер мен эстетикалық тұжырымдарды аса қатаң сүзгіден өткізген талғампаз суреткердің бірі. Маркестің жас шағында әдебиет майданында өткел бермес асау толқындар бар еді. Хемингуэйлік дәлдік өзге қаламгерлерді ширықтырып, бәрі құлдық ұрғандай, оның мүлтіксіз шеберлігіне тамсана да таңдана бас изескенде, осы сеңді бұзар жол іздеп шарқ ұрғанда, Маркес мұның бәрін иіріп тастап шеберлік пен шыншылдықтың тура ортасынан өзіне лайық жол табуымен де бітімі бөлек. Өзі таңдап алған тақырыбын сүрлеулі сорабымен кемерінен асыра шалқыту әдебиеттегі біз айтқан «дәлдік» ұғымына көлеңке түсіргендей көрінгенімен, мүлдем керісінше, эстетикалық жаңа тұманы ашып, «тілге қанат бітіру» стихиясы арқылы әдеби теориялар шеңберін әлденеше есеге кеңейте түскендей әсерге бөлейді. Тіпті сол теориялардың жаңа өрілімін де өзімен бірге ала келгені шын. Оның әсіресіз шабытқа құрылған сөйлемдері ырық бермей арна тартатын тасыған өзен секілді мінезді, кейде ұзыннан ұзаққа созылып, нүктелі үтір мен үтір арқылы ғана бөлінетін текстердің логикалық шымырлығы жазушының көкірегіндегі образдар тасқынын оқырманға ұсынады: есті оқырман сұлу мәтіннің бойындағы үзіліссіз ырғақтан адаспауы тиіс.

artlib_gallery-363399-bГарсиа Маркес – жалғыздықты жеріне жеткізе жырлаған, қайсарлықты ту еткен әдеби рыцар десек те болады. Меніңше, ол сомдаған ең ұлы кейіпкер – Урсула. Урсуланың сан қабат рухани бейнесі – бұған дейін әдебиетте қолына қалам алғанның бәрі биік парасатпен кейіптеуге ұмтылған Ана образының сәруар мейірін риясыз әспеттеген бірегей зерделі жаратылыс, жүрек айнасынан шашыраған нұр. Әлемді сұлулық емес, ана мейірі құтқарады. Ұжымақ – ана табанының астында...  

Әлемнің көптеген тілдеріне аударылған оның шығармаларын авторлық жазу машығы мен ой жүйесіне дендей еніп, қазақ тілінде қапысыз жеткізген қаламгер Кеңес Юсупке әдеби марапаттың кез келгенін берсек те лайық.

 Гарсиа Маркестей жазушылардың әлі талайы дүниеге келер, оның шығармаларынан да адуынды, сан-салалы туындылар жарыққа шығар, бірақ дәл Маркестей кез келген топыраққа жатсынбай сіңер, кез келген таным иесінің түйсігін сәулесіне бояр шығармашыл тұлға болуы қиын. Ақыр соңында өзі де өз шығармаларының кейіпкерлеріне айналған ол шын мәнінде ЖАЛҒЫЗ!

 Урсуланың ұрпағын, жалғыздық жыршысын адамзат баласы ұмытпақ емес!

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ.

  Гарсия Маркестің қоштасу хаты

 (Егер Тәңір мендей қаусаған шалдың датын айтуға аз да болса мұрсат берген болса,  ойлағанымды айтпай, айтпағымның астарын ойлар едім. Дүниенің құнына емес, мәніне бас қатырар едім.

Аз ұйықтап, көбірек қиялдар едім. Көзімді жұмып өткізген әр минутымның қараңғыда өткізген алпыс секундке  барабар екенін бағамдар едім. Басқалар бейғам ұйқыға батқан шақта, ояу отырар едім. Баскалар әңгіме айтқан кезде, үнсіз тыңдар едім. Жаратқан Ием енді біраз ғұмыр берсе, қарапайым киініп жүрер едім. Таңмен таласа тұрып жанымды, тәнімді күн нұрына қыздырар едім.

Құдайым-ай, жүрегімнің бары рас болса, бойымдағы өшпенділік атаулыны мұз етіп қатырып, күннің шығар сәтін асыға тосар едім.  Мен Ван Гог секілді жұлдыз жарығының астында сурет салар едім. Уругвайлық Марио Бенедеттидің поэмасына балқып, Серраның әнімен айлы түнгі сүйіспеншілік әуеніне айналар едім. Раушан гүлдерін көз жасыммен жуып, олардың тікені тәніме шым-шым қадалғанын сезіп, алқызыл жапырақтарына ерінімді басып, айқайлап, рахатқа батар едім. Құдайым-ай, енді біраз ғұмыр болса... Мен күн құрғатпай өзім ұнататын жандарға шексіз сүйетінімді айтып, еміренер едім. Махаббатпен өмір сүретін едім. Адамдардың «жасың ұлғайған сайын ғашық бола алмайсың» деген ойларының қате екенін, керісінше ғашық болудан қалғаннан кейін ғана адамның қартая бастайтынына көздерін жеткізер едім.  Ажалдың кәріліктен емес, тасада ұмыт болудан келетініне кексе тартқан кісілердің көзін жеткізер едім.

Менің қаншама дүниені үйренгенімді білесіздер! Адам өзін жолда тосып тұрған бақытты елемей, таудың ұшар басында ғана ғұмыр кешкісі келетінін білдім... Мен сіздерден санап болмас көп нәрсе үйрендім. Шынын айтсам, мұнан енді маған келіп-кетер пайда жоқ. Сандығымды сықа толтырып алған сәтімде, сорыма қарай мына дүниеден қайтып бара жатырмын...

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар