Үржарда есік алдында ойнап отырған балаларды қағып кеткен ер адам 9,5 жылға сотталуы мүмкін

Көркем Алдабергенова 29 жел. 2025 12:03

Прокурор Абай облысындағы Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында балаларды қағып кеткен жүргізушіні 9,5 жылға соттауды сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кезекті сот отырысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушыға 9 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Бұған дейін прокурор сотта жаңартылған айыптау актісін ұсынған. Онда айыпталушының кінәсін толық мойындауы жеңілдететін мән-жай ретінде көрсетілген. Ал қылмыстың кәмелетке толмағандарға қатысты жасалуы жауапкершілікті ауырлататын жағдай ретінде бағаланған.

Еске сала кетсек, 19 тамызда Абай облысының Үржар ауданында 55 жастағы жүргізуші үйдің қақпасы маңында ойнап жүрген алты баланы көлікпен қағып кеткен еді. Сол сәтте үшеуі - екі, бес және сегіз жастағы балалар оқиға орнында қаза тапты. Сондай-ақ 6-9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алды.

Көлік жүргізушісі екі айға қамауға алынды. Оның туыстарының айтуынша, апатқа жүрек талмасы себеп болған.

Айта кетейік, бұған дейін Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккен екі бала ауруханадан шыққаны туралы мәлімдеген еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар