2025 жылы ҰҚК Шекара қызметі мемлекеттік шекараны қорғау аясында 1,5 тоннадан астам есірткі заттарының заңсыз айналымға түсуіне жол бермеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, жыл ішінде шекара кеңістігінде Қазақстан заңнамасын бұзған 52 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Сондай-ақ тауарлар мен жүктердің мемлекеттік шекара арқылы заңсыз тасымалдануының 17 541 фактісі анықталып, дер кезінде тоқтатылған.
Атап айтқанда, есірткі заттарына қатысты 344 дерек тіркелсе, қару мен оқ-дәрілерді заңсыз алып өтудің 847 фактісінің жолы кесілген. Сонымен қатар 315 діни әдебиет, 5 900 жанар-жағармай материалы, 8 083 халық тұтынатын тауар және 2 052 валюта тасымалына тосқауыл қойылған.
Каспий теңізі акваториясында да бақылау күшейтілген. Нәтижесінде 607 браконьерлік факт анықталып, 226 жүзу құралы, 580 шақырым тор тәркіленді. Заңсыз аулаудан 2 376 бекіре тұқымдас балық, 7 193 қара балық және 24 итбалық алынған.
ҰҚК дерегінше, қабылданған шаралар арқылы алдын алынған залалдың жалпы көлемі 75 млрд теңгеден асты.
Жыл бойы Шекара қызметі отандық құқық қорғау органдарымен және шетелдік серіктестермен бірлесіп жұмыс жүргізген. Атап айтқанда, 48 шекаралық, 2 ведомствоаралық және 5 халықаралық операцияға қатысқан.
Ведомство өкілдері мемлекеттік шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңсыз айналымға қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.
