ҰҚК бір ай ішінде 17 сыбайлас жемқорлық қылмысын әшкереледі

Сағыныш Сардарова 02 там. 2025 16:00

Ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті қайта құрылымдағаннан кейінгі бір айдың ішінде 17 қылмыстық іс қозғаған. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту тапсырмасынан кейін қолға алынып отыр. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметі мәлімдеді,  деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, шілдеде тіркелген 17 қылмыстық іс бойынша мынадай айыптар тағылған:

  • Билікті немесе қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану (ҚР ҚК 362-бабы) – 3 факт;
  • Пара алу (366-бап) – 5 факт;
  • Пара беру (367-бап) – 4 факт;
  • Алаяқтық (190-бап) – 2 факт;
  • Жеке өмірге қол сұғу және дербес деректер туралы заңнаманы бұзу (147-бап) – 1 факт;
  • Қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану (361-бап) – 1 факт;
  • Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу (364-бап) – 1 факт.

Осы уақыт ішінде сотқа 16 қылмыстық іс жолданған. Олар мынадай баптар бойынша қаралады:

  • Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу (189-бап) – 1 іс;
  • Алаяқтық (190-бап) – 6 іс;
  • Ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту (206-бап) – 1 іс;
  • Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру (218-бап) – 1 іс;
  • Қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану (361-бап) – 1 іс;
  • Пара алу (366-бап) – 2 іс;
  • Пара беру (367-бап) – 3 іс;
  • Қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру (433-бап) – 1 іс.

"Аяқталған істер бойынша мемлекетке келтірілген шығын, яғни 113,6 млн теңге өтелді. Қосымша 619,1 млн теңге тұратын мүлікке тыйым салынды. Сыбайлас жемқорлық деректері туралы ақпарат берген екі азаматқа 471,84 мың теңге сыйақы берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасады", – делінген ҰҚК хабарламасында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар