Ұлытау облысында «Қазақмыс» кәсіпорындарынан жалпы құны 20 млн теңгеден асатын 10 тоннадан астам дизель отыны тәркіленді, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Қазақмыс» қауіпсіздік департаменті мен Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің бірлескен жұмысы барысында компанияға тиесілі жанармайдың заңсыз алынуы, сақталуы және сатылуы анықталған.
Компания мәліметінше, схемаға бірқатар адамдар, оның ішінде «Қазақмыстың» еншілес компаниясы Tranco Express қызметкерлері де қатысқан. Тергеу дерегіне сәйкес, ұрланған дизель отыны жалған тауар-көлік құжаттарын пайдалану арқылы үшінші тұлғаларға сатылған.
Дизель отынының жалпы көлемі 10 тоннадан асып, құны 20 млн теңгеден жоғары болған.
Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілердің әрекеті табыс табу мақсатында заңды шығу тегін растайтын құжаттары жоқ мұнай өнімдерін заңсыз сатып алу, сақтау және сатуға қатысты Қылмыстық кодекстің 233-1-бабы бойынша сараланған.
Іс сотқа жолданып, Жезқазған қалалық соты қатысы бар тұлғаларға әртүрлі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ мұнай өнімдерін сақтау және тасымалдау үшін пайдаланылған көліктер мен ыдыстар тәркіленді.
«Қазақмыс» материалдық ресурстардың ұрлануына және басқа да заңбұзушылықтарға жол бермеу үшін ішкі бақылау тетіктерін жетілдіруді жалғастыратынын мәлімдеді.