Ұлттық спорт қауымдастығының президенті ретінде, 2022 жылдың қыркүйегінен бастап белгілі кәсіпкер, меценат Исламбек Салжанов сайланды. Бұл қызметке кіріскен соң Исламбек Төлеубайұлы қауымдастық құрамындағы федерацияларға өзі жақсы танитын, елге жаны ашитын кәсіпкер азаматтар мен қоғам қайраткерлерін ұлттық спортты бірлесе дамытуға шақырды.
Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Жыл басында Президент ұлттық спорт түрлерінің даму концепциясын әзірлеуді тапсырған еді. Қазір бұл бағыт бойынша қызу жұмыстар жүріп жатыр.
Былтыр Ұлттық спорт қауымдастығына 6 федерация ғана кірген, бір жыл ішінде федерациялар саны 10-ға дейін артты.
Бұрын қауымдастық жұмысы бір орталық жүйесі арқылы басқарылатын. Ал қазір, керісінше федерацияларға автономия беру стратегиясы қолданысқа еніп отыр. Соның нәтижесінде, биыл ұлттық спорт саласын бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізді.
Осы бір жылдың ішінде спортшыларымыз көптеген халықаралық жарыстарға қатысып, 96 медаль жеңіп алды. Оның 35-і алтын. Республикалық жарыстар да жоғары деңгейде өтті.
Кәсіби, білікті мамандарды дайындау мақсатында ұлттық спорт түрлері бойынша мамандарды дайындау бағдарламалары әзірленді. Бүгінде екі бірдей жоғарғы оқу орнында екі мамандық түрі бойынша оқу бағдарламасы енгізілді. Сондай-ақ ұлттық спорттың жоғары мектебін ашу жұмысы қолға алынды.
Ұлттық спорт қауымдастығының тағы да бір маңызды бағыты – Қостанай жылқысының санын сақтап қалу және оның әрі қарай дамуы. Баршаңыз білесіздер, Қостанай жылқысы – еліміздегі жалғыз асыл тұқымды қазақ жылқысы.
Осы мақсатта біз, Ұлттық спорт қауымдастығы, Парламент депуттарымен бірігіп Қостанай жылқыларын көбейту мақсатында заң жобасын әзірлеп, қазір Мәжілісте қаралып жатыр.
Ұлттық спортты кеңінен насихаттап жаңа белеске көтеру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Осы мақсатта биыл ақпарат өкілдері арасында ALAMAN – медиа байқауын жарияладық. Бұл халықаралық байқау келер жылдың наурыз айына дейін жалғасады.
Сондай-ақ осы жылы Ұлттық спорт қауымдастығының ютуб каналы ашылды. Бұл – біз үшін қуанышты хабар. Каналдың мақсаты – ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау және ұлттық спорттың үздіктерін халыққа таныту.
Жуырда 10-шы АЛТЫН ТҰҒЫР номинациясы өтіп, ең мықты спортшылар мен бапкерлерді марапаттадық. Бұл – ел ішінде және халықаралық жарыстарда жетістікке жеткен спортшыларға құрмет көрсету, әрі ұлттық құндылығымызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылатын жоба.
Ең маңыздысы – келесі жылы елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Байқасаңыздар, бұл ойындар ұлттық спорттың Олимпиадасына айналып келеді. Қазір Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының бағдарламасына спорттың 20 түрі кіреді.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 100 мемлекеттен 3 мыңнан астам спортшы, 15 мыңнан аса шетелдік турист келеді деп жоспарланған. Біз осы арқылы тек ұлттық спортымызды ғана емес, әлемдік мәдени кеңістіктегі Қазақстанның жаңашыл келбетін танытуға тамаша мүмкіндікке қол жеткіземіз.