Ұлттық Қор: толықты ма, толықпады ма?

Dalanews 09 қаң. 2024 10:37 11211

Қаржы министрлігі әлдебір сарапшыларға жауап ретінде Ұлттық Қордың статистикасын жіберіп, 2023 жылы оның толыққанын айтуда. Үкіметке бұлай ақталу не үшін керек болды?


Өткен жылы «Самұрық-Қазына» қоры өзіне тиісті «Қазмұнайгаз» акцияларының 8 пайызын 1,3 триллон теңгеге Ұлттық қорға сатқан болатын. Аталмыш операция Қаржы министрлігі мен Ұлттық Банк басқаратын Ұлттық Қордың инвестициясы деген дәйекпен жүргізілді. Алайда, сол 1,3 триллион теңге «Самұрық-Қазына» қорының капиталына жеткен жоқ. Үкімет оны өзіне алды да, бюджет шығындарына бағыттап жіберді.

Сонда, қаржы қорға жетпей, бюджет шығындарын жабу үшін бюджетке бармақ. Онда «Самұрық-Қазына» қоры өз балансынан бір мезетте 1,3 триллион теңге жоғалтты деп есептеуге болады.


Қаржы министрлігі өз кезегінде Ұлттық Қор 2023 жылғы табысы шығынынан артық болды, яғни қор молайды деген статистика беріп отыр. Бірақ «Қазмұнайгаз схемасы» арқылы бюджет дефицитін жапқан 1,3 триллион теңгені есепке алғысы жоқ.

«2023 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың түсімдері 6,4 трлн теңгені құрады, оның ішінде мұнай секторының түсімдері - 4,6 трлн теңге және инвестициялық кіріс - 1,8 трлн теңге. 2023 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер түрінде 4,1 трлн теңге бағытталды. Осылайша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың таза түсімдері 2,3 трлн теңгені құрады. Нәтижесінде 2023 жылы Ұлттық қордың активтері 26,8 трлн теңгеден 29,1 трлн теңгеге дейін өсті», - деп мәлімдеді, Қаржы министрлігі.


Сарапшылар, Қаржы министрлігі таза түсім деп отырған 2,3 триллион теңгеден «Қазмұнайгаз» акциялары арқылы суға ағып кеткен 1,3 триллион теңгені алып тастау қажет деп санайды. Себебі, «Самұрық-Қазына» қоры акция сатудан түскен осы қаржыны өз капиталында сақтап қалған жоқ. Ол республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне трансферттер түрінде емес, «Мемлекеттік меншікті сатудан түскен кіріс» бабы арқылы еніп отыр. Яғни бұл қаржы жұмсалып кетеді.

Бірақ, Қаржы министрлігінің де өз уәжі бар.

«Бұл қате тұжырым, себебі Ұлттық қордың 1,3 трлн. теңге мөлшеріндегі қаражаты жұмсалған жоқ, ҚМГ акцияларына инвестицияланды. Яғни, мұны Ұлттық қордан қаражат алу деп қарастыруға болмайды. Ұлттық қор қаражатын ҚМГ акцияларына, басқа да қаржы құралдарына орналастыру 2030 жылға дейінгі ҚР Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасына және Ұлттық қор активтерін орналастыруға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне сәйкес жүргізіледі» - деп мәлімдеді, министрліктің баспасөз-қызметі.


23 жылдың ішінде Ұлттық Қор 2002, 2008, 2014, 2015, 2018, 2022 жылдары минуста болған. Ал былтыр, яғни 2023 жылы плюске шықты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар