"Ұлттық қор балаларға": ақша қашан түсе бастайды?

Dalanews 27 қаз. 2023 07:24 1396

Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жауап берді хабарлайды Dalanews.kz. 

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясындағы алғашқы ақша балалардың шотына 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап түседі», – деді Қаржы вице-министрі.

Д. Темірбеков бағдарлама 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталатынын, ақшаны есептеу мен бір балаға шаққандағы соманы анықтауға бір ай қажет екенін айтты.

«Бұл қарапайым арифметика. 18 жылдағы инвестициялық табыстың 50%-ы 18 жасқа дейінгі қазақстандықтардың санына бөлінеді. Осылайша әрқайсы өзіне тиесілі соманы алады, – деді ол.

Қаржы вице-министрі 18 жасқа 1 ақпаннан кейін толатын азаматтар ақшаларын алу үшін электронды платформа арқылы өтініш білдіруге тиіс екенін мәлімдеді.

Dalanews-ке белгілі болғандай, қаражатты оқуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсай алады. Ақша еліміздегі 7 млн-ға жуық балаға теңдей бөлінеді. Оның мөлшері Ұлттық қордың инвестициялық табысына байланысты.

Болжам бойынша 2024 жылы туған баланың шотына 18 жыл ішінде  3500 АҚШ доллары жиналуы тиіс. Ал жыл сайын шамамен 150-160 доллар аударылады.


«18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болады. Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталатын құқық беріледі. Шоттағы қаражат 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар.Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жойылады», - деп мәлім етті бұл ретте салалық министрліктің өкілі.

Естеріңізге салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық қорындағы қаражаттың бір бөлігін қазақстандық балалардың есебіне төлеу жөніндегі жарлыққа қол қойды. Кейін 18 жасқа дейінгі балалардың шотына ақша аудару тәртібі түсіндірілді.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 18 жасқа дейінгі балаларға төлем доллармен төленетіні белігілі болды. Біршама уақыттан соң Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалар арасында тең бөлінетіні жарияланды.

https://dalanews.kz/sadak/94574-deputat-sayyrov-yeks-shendige-qatysty-e

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар