Алматы қалалық полиция басқармасының хабарлауынша бұған Шораевтың төтенше жағдай кезінде мақсатты түрде жалған ақпарат таратуы себеп болған. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 274 бабы, 4 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Шораев әлеуметтік желі арқылы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқан. Осы арқылы ол қоғамдық тәртіпке қатер төндірді әрі төтенше жағдай кезінде заң жүзінде қорғалатын қоғам мен мемлекет мүддесіне қайшы әрекетке барды", – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Шораев қылмыстық-процессуалды кодекстің 128 бабына сай қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Шораев соңғы уақытта билікті ашық сынап жүрді. Айталық Ұлттық кеңестен шығып, оның себебін - бұл ұйымның ештеңе шешпейтінімен түсіндіріп, митингтер туралы заң жобасына қатысты наразылығын білдірді. Қазақ ұлтшылдығына қатысты ойын ортаға салды.
"Қазақ ұлтшылдығы біреудің басын жарып, көзін шығарды ма? Қазақ ұлтшылдығының құрбаны болған кімді естідіңіз? Қазақ ұлтшылдығы кімнің асына ортақтасты? Кімнің ішкі ісіне килікті? Қазақстандағы татулық пен тұрақтылықтың шайқалмай отырғаны да қазақтың көнбістігі мен төзімділігінің арқасы әрбірден соң..." деп мәлімдеген еді бұдан бұрын Арман Шораев.
Сонымен қатар "Самұрық Қазынаны" таратуға қатысты үндеу жасап, Қазақстанның байлығы бір адамның қолында шоғырланғанын сын садағына алды.
"Үкімет шіріген байларға салынатын салықты ондаған есе ұлғайтып, тұрмысы төмен азаматтардың салығын мейлінше азайтуы қажет. Оның ішінде өзін-өзін жұмыспен қамтығандар, көп балалы отбасылар кіруі тиіс" деген болатын Шораев exclusive.kz сайтына берген сұхбатында.
Арман Шораев - Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық кеңестің экс-мүшесі
2006 жылы - "Хабар" агенттігі бас директордың орынбасары болды.
2006-2007 жылдары Президент әкімшілігінде әлеуметтік-саяси бөлімнің бас маманы қызметін атқарды.
2007-2014 жылдары КТК телеарнасын басқарды.