Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешімін жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады", - деп жазылған хабарламада.
Базалық мөлшерлеме дегеніміз не және ол неліктен маңызды?
Базалық мөлшерлеме – Ұлттық банк белгілейтін негізгі пайыздық көрсеткіш. Ол арқылы банк секторының жалпы бағыты айқындалып, елдегі несие мен инфляция деңгейіне әсер етеді. Бұл көрсеткіш бойынша Ұлттық банк коммерциялық ұйымдарға қысқа мерзімді несие береді және олардың қаражатын депозит ретінде қабылдайды.
Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме – ел экономикасының "бағдаршамы". Егер оны көтерсе, несие алу қымбаттайды, ал түсірсе керісінше арзан несие алу мүмкіндігі артады. Осылайша, Ұлттық банк осы тетік арқылы ақша айналымын реттеп, баға тұрақтылығын сақтауға тырысады.
