Құрметті Елбасы, Ұлттық арнаның ұятсыздығын тоқтатсаңыз екен?!
«Түйенің танитыны жапырақ» демекші Атажұрттан алыстағы қандастарыңыз үшін сізден басқа жанашыр ешкім жоғын білетін боларсыз. Мұңымызды сізге шағып, көрген зәбір-жапамызды сізге айтпағанда басқа кімге айтамыз. Тарихи отанымыздан жырақта жүріп, өзгеден көрген зорекерлігіміз болса, өз жарамызды өзіміз жалап жазар едік қой, бұл жолғы айдың-күннің аманында Сіз басқарып отырған Атажұрттағы басты телеарна саналатын «Қазақстан» Ұлттық арнасына қатысты болып тұр.
«Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» дейді атам қазақ. Атажұрттан алыста, ат төбеліндей ғана азғана қазақтың тарихи отанымен байланысатын ақпарат көздерінің саны шектеулі ғана. Біз үшін «алып кетті», «жұлып кетті», «асып кетті», «шауып кетті» дейтін жекеменшік арналардан гөрі, Өзіңізді, күллі қазақ көз тігіп, жатсақ-тұрсақ амандығыңызды тілеп отырған Сіздің шынайы еңбегіңізді, қазақ халқына деген шын жанашырлығыңызды көріп отыратын «Қазақстан» Ұлттық арнасы мен «Хабар» арнасы ғана еді. Әрине, кішкентай бүлдіршіндеріміз үшін «Балапанның» орны бөлек.
[caption id="attachment_228198" align="aligncenter" width="423"] Көгілдір Аруна[/caption]
Кеше осы Ұлттық арнамыз атам қазақта болмаған, естуге құлақ, көруге көз ұялатын дүниені тападай-талтүсте көрсетті. «Әйел бақыты» деп аталатын бағдарламада үнемі жақсы әңгімелер айтылып, қазақтың қыз-келіншектеріне жол сілтеп, мәселелерін талқылап көңілімізден шыққан еді. Өзі де сүп-сүйкімді Ләйлә қызымыздың әйел бақыты деген сөздің символы іспетті жүргізетін бағдарламасы да сүйкімді еді.
«Қазақстан» ұлттық арнасынан берілген кешегі бағдарламаны көріп, Нұрсұлтан Әбішұлы өзіңізге арнайы арнап бүгін қолыма қалам алуға тура келді. Ұлттың руханиятына, алыстағы Атажұртқа жаутаңдаған жанарымызға Ұлттық арнаның ұсынар жаңалығы осы ма еді?
Қазақ деген ел бар деп, Қазақстан деген арқатірек Атажұртымыз бар деп жүргенде, алысты жақындатып, ағайынға жақсылықтың жаршысы болар басты арнаның бізге көрсетері осы ма еді? Әлде Ұлттық арна ұрпағымызды қалай қызтеке жасауды үйрететін бағдаршымыз болып па еді? Әйтпесе адам ретінде, қонақ ретінде шақырып, пікірін біліп қана қайтармай (тіпті сол қызтекені шығармауға болмайтын болса), оның несін егжей-тегжейлі қазбалап отыр? Әлде қоғамдағы азғындық аз болып барады деп отыр ма?
Өткен жексенбі күні ғана сол Ләйлә қызымыз «Балапан» телеарнасының 6 жасқа толған туған күнін тойлап, кішкентай балаларымыз үшін үлкен қуаныш сыйлап еді. Бір күн өтпей жатып, сол кішкентай бүлдіршіндеріміз көретін уақытта (күндізгі сағат 15-те) қызтекелер туралы мәлмет таратып, жарнама жасап отырғанын түсіне алмадық.
Бір кездері Өзіңіздің тікелей тапсырмаңызбен «Қазақстан» арнасы толықтай қазақ тілді ақпарат тарататын болғанда барлығымыз да қуанып едік. Сол қуанышымыз алысқа бармайтын түрі бар. Өткен аптада да ана бір не қыз екендері, не ұл екендері белгісіз 91 деген топты көрсетіп, тағы да көңілімізге күдік ұялатқан еді. Кешегісі мынау.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, осы арнаның бұдан былай азғындықты, қазақы түсінігімізге жат, қоғамдағы келеңсіз жағдайларды көрсетуіне тыйым салсаңыз екен. Онсызда ұрпағымыз өзге елдердің атыс-шабыс, зорлық-зомбылықты дәріптейтін қуыршақтарын көріп, әбден жүректері қатайып бітті.
Енді қалғаны ұлттың руханиятына қызмет етеді, Сіздің Тәуелсіздік жолындағы жемісті еңбегіңізді көрсетеді дейтін «Қазақстан» Ұлттық арнасынан да сондай қазақылығымызға жат дүниелерді тамашалауына жол бермесеңіз екен деймін. Және кешегі «Әйел бақыты» бағдарламасына қызтеке туралы шығаруға рұқсат берген барлық мамандарды қатаң жазалауыңызды сұраймыз. Бұл біздің түсінігіміз бойынша көрермендердің сұранысымен санаспау, телевизор көріп отырған қарапайым халықтың көрермен ретіндегі құқығын таптау, олардың ар-намысымен санаспау деп санаймыз.
Сізге деген құрметпен: Моңғолияда тұратын бір топ қандас бауырларыңыз