Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек іс жүзінде емделді деп көрсетіп, шындығында емделмеген адамдардың есебінен миллиардтаған қаржы алған медициналық ұйымдардың ақшасы кері қайтарылатынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ол Мәжіліс дәлізінде мәлімдеді.
"МӘМС жүйесі арқылы "приписка" деген нәрсе бар. Ол - үлкен қылмыс, алаяқтық. Көп медициналық ұйым сол "приписка" арқылы миллиардтаған ақшаны қалтаға салып отыр. Енді іс жүзінде медициналық қызмет атқарылмаса, ал қағаз жүзінде "медициналық қызмет атқарылды, адам келді, терапевтке көрінді" деп жазылса, "приписка" деп есептеледі. Енді ол ақша қайтарылуға тиіс. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін мұны заңдастырып алған. Яғни іс жүзінде медициналық қызмет атқарылған жоқ, бірақ ақшаны медициналық ұйымдар қалтасына салып отыр. Сөйтіп, көптеген адамды, мемлекетті, құқық қорғау органдарын алдап отырды", - деді депутат.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы баяндалды.
Заң жобасы бойынша Қазақстанда медициналық көмектің бірыңғай пакеті енгізіледі. Оған қоса медициналық ұйымдар МӘМС жүйесіндегі қаражаттың жұмсалуы туралы ақпаратты жариялауға міндеттеледі.