Ұлытау облысында Қаражал тұрғындары тоңып отыр: қалада екі тәуліктен бері жылу жоқ

Көркем Алдабергенова 18 жел. 2025 16:35

Ұлытау облысының Қаражал қаласында тұрғындар екі тәуліктен бері электр жарығысыз отыр. Соның салдарынан қалада коммуналдық дағдарыс туындап, тұрғын үйлерде жылу жүйесі істемей қалған, деп хабарлайды Dalanews.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап. 

Қаладағы жекеменшік үйлердің басым бөлігінде жылу беру жүйесі электр сорғыларына тікелей тәуелді. Электр жарығы өшкен соң үйлер суып кеткен. Қаражалдықтар түнде де, күндіз де қалың киіммен жүруге, ал жылыну үшін газ плиталарын пайдалануға мәжбүр болып отыр.

Апаттың себебі

Коммуналдық коллапсқа «Вест-2001» ЖШС-не тиесілі электр желісінің қосалқы станциясында электр беру желісінің сымы үзілуі себеп болған.

Билік не дейді

Жергілікті атқарушы органдар электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Алайда қазіргі уақытта қалада шамамен 400 үй жарықсыз қалып отыр.

Апат салдарын жою жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов барған.

"Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары электриктер тарапынан 18 желтоқсан күні таңғы 05:00-ге дейін жүргізілді. Нәтижесінде электрмен жабдықтау ішінара қалпына келтірілді.
Қазіргі уақытта 385 абонент электр қуғынсыз отыр. Оның ішінде 380-і - жеке тұрғын үйлер, 5 әлеуметтік нысан: әкімдік, «Қазпошта» ғимараты, Мәдениет үйі және №1 мектеп.
Жөндеу жұмыстарына 8 электрик пен 4 бірлік арнайы техника жұмылдырылды", - деп хабарлады Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Билік өкілдері жағдай бақылауда екенін айтып, электр энергиясы толық қалпына келтірілгенше жөндеу жұмыстары жалғасатынын жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар