Үкімет заңсыз әкелінетін көліктерге бақылауды күшейтеді

Үкімет заңсыз әкелінетін көліктерге бақылауды күшейтеді
Фото: magnific.com

Қазақстанда заңсыз немесе «сұр» схемалар арқылы әкелінетін көліктерге қатысты бақылау күшейтіледі. Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға он күн ішінде мұндай көліктердің елге кіруіне жол бермейтін нақты шаралар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкіметтің мәліметінше, заңсыз әкелінген кейбір көліктер техникалық әрі экологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Осыған байланысты Қаржы министрлігі мен Өнеркәсіп министрлігі кедендік бақылауды күшейтіп, техникалық реттеу жүйесіне жаңа тетіктер енгізбек.

"Заңсыз немесе "сұр" схемалар арқылы көлік әкелудің жолын кесуге бағытталған нақты шаралар он күн ішінде әзірленуі тиіс", – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Олардың орындалуын бақылау Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді. Сондай-ақ жаңа өзгерістер күшіне енгенге дейін халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.