Әлеуметтік желіде қазақстандық өнертапқыш Ғалымжан Ғабдрешов әзірлеген SEZUAL эхолокациялық көру технологиясына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілмегені туралы жазба тарады. Жоба авторының мәлімдеуінше, аталған технология көру қабілетінен айырылған адамдардың кеңістікті бағдарлауына көмектесуге бағытталған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жарияланған видеода стартаптың әлемдік нарықтағы әлеуеті 15 триллион долларға дейін бағаланатыны айтылған. Бизнес-жоспардағы есеп бойынша, әлемде 300 миллионға жуық зағип және нашар көретін адам бар. Жоба осы нарықтың 10 пайызын қамтыған жағдайда, оның жалпы табысы 1,5 триллион долларға, ал жылдық орташа түсімі 150 миллиард долларға жетуі мүмкін деген болжам жасалған.
Жоба өкілдері SEZUAL технологиясының негізінде Астанада халықаралық орталық құрып, әзірлемені Apple және Meta секілді ірі технологиялық компанияларға ұсынуға мүмкіндік болғанын мәлімдеді. Алайда олардың сөзінше, бастама мемлекеттік органдар тарапынан тиісті қолдау таппаған. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде стартапқа қарсы қысым мен кедергі әлі жалғасып жатқаны айтылған.
Қаржыландыру болмағандықтан, Ғалымжан Ғабдрешов қазір құрылыс саласында жұмыс істеп, тапқан қаражатына құрылғысын жетілдіріп жүргені хабарланды. Өнертапқыш жобаны дамыту және көру қабілеті нашар адамдарға көмектесу үшін ашық қор құрған.
Бұл жағдай Threads қолданушыларының да назарын аударды. Оқырмандардың бірі мемлекеттік органдардың өнертапқышқа қатысты әрекетін қатаң сынға алды.
"Бұрын бір адам бүкіл халықтың алдында ұятқа қалатын жағдайлар болушы еді. Ал тұтас үкіметтің бір адамның алдында ұятқа қалуы бұрын-соңды болмаған шығар", - деп жазды желі қолданушысы.
Айта кетейік, Ғалымжан Ғабдрешов - халықаралық World Summit Awards (WSA) сыйлығының лауреаты. Өнертапқыштың айтуынша, 2023 жылы оның "Зағип жандарға арналған көру жүйесі" және "Брайль әліппесін өз бетінше үйрететін құрал" жобалары 182 елдің өкілдері қатысқан халықаралық байқауда бірінші орын иеленген.