"Тинаны, Қазақстанға кіргізіңдер...". Ресей саясатын қолдайтын қазақ билікке үн қатты

Сағыныш Сардарова 31 қаң. 2024 11:23 21028


Әлемжеліде Аслан есімді TikTok қолданушысы Кеңес үкіметін мақтап, орыс тілін қолдап, "орыс тілін білмейтіндер адам емес" деген сыңайдағы видеолар түсіріп жүр. Тіпті ол видеоларының бірінде даулы мәлімдемесімен сынға қалған Тина Канделакиді де ашық қолдайды, - деп жазады Dalanews.kz.


Видеолары миллиондаған қаралым жинайтын ер адамның оқырманы да аз емес. Оның инстаграмдағы парақшасына 5,5 мың адам, TikTok-парақшасына 44,4 мың адам жазылған.


Ол видеоларының бірінде Қазақстанда орыс тілі "расында, шеттетіліп жатқанын" айтып, Тина Канделакиге қолдау білдірген. Бір қызығы бүгінде 1,4 миллион қаралым жинаған бұл видеосына оны қолдап, пікір жазғандар да табылған.



"Ол (Тина Канделаки - еск.) жай ғана өз ойын айтты. Ешкімді қорлаған жоқ, дәлелдерін де келтірді. Оған Қазақстанға кіруге тыйым салатындай қай жерде қателесті? Сұрақ: бізде орыс тілі мемлекеттік деңгейде шеттетіліп жатқан жоқ па не? Мектептерде орыс тілі сағаттары қысқарған. Балам қазақ тілінде оқығандықтан орыс тілін қатар меңгергенін қаладым. Жергілікті тіл үйрету мектептерін қарап шыққанымда олар маған "кешіріңіз, біз тек ағылшын және қазақ тілін үйретеміз" дейді. Біздің министр не дегенін еске алайықшы. Ол масс медиа туралы заңды "маған рұқсат берсе 100 пайыз қазақша дайындайтын едім" деді. Бұл мәселені депутаттар да қолдап отыр", - дейді Аслан.



Тағы бір видеосында ер адам орыс тілі қазақтар үшін маңызды орында болуы керегін айтады.


"Орыс тілі барлық ілім мен білімнің кілті, ол арқылы кез келген есікті аша аласың. Әлемде миллиондаған адамның байланыс орнатуының кілті", - дейді Аслан.


Видеода ол қазақтар үшін орыс тілі шексіз байлық екенін де жеткізген.



"Бізге орыс тілін қолданбау - күнә. Орыс тілімен тек бай бола түсеміз. Мен үшін орыс тілі ерекше бағалы. Орыс тілі - бала күнімнен бастау алған туған тілім. Мен туған тілім тілімді мадақтаймын", - дейді ол.



Dalanews.kz редакциясы тиісті органдардан бұл тикток-парақшаға қатысты пікір білдіруін сұрады.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар