Кезінде күллі елді дүр сілкіндіріп, "адам жегіш" деген атпен танылған Николай Жұмағалиев бүгінде түрмеде отырған жоқ. Ол Алматы облысы Ақтас ауылындағы психиатриялық ауруханада мәжбүрлі ем қабылдап жатыр, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Instagram желісінде журналист Асмира Ермекқызы жазды. Ол кезінде осы ауруханада 14 жыл бойы қауіпті қылмыскерлермен жұмыс істеген психолог Ақмарал Шегентайқызымен сұхбаттасқанын еске алған.
Деректерге сүйенсек, Николай Жұмағалиев алғашқы қылмысын 1978 жылы жасаған. Ол жұмыстан қайтып келе жатқан жас әйелге шабуыл жасап, аса ауыр қылмысқа барған. Кейін бұл іс ел тарихындағы ең қорқынышты қылмыстардың бірі ретінде аталды.
Ресми деректерде оның құрбандарының саны 57 адам деп көрсетілгенімен, кей мамандар нақты сан бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады.
Психологтардың сөзінше, Жұмағалиев заң бойынша әдеттегі сотталған адам ретінде түрмеге қамалмаған. Себебі сараптама оның психикалық ауытқуы бар екенін анықтаған. Мұндай жағдайда адам қылмыстық жаза өтеуге емес, республикалық деңгейдегі арнайы психиатриялық мекемеге жіберіледі.
"Жұмағалиев – біздің ең тәртіпті ем алушылардың бірі. Психоэмоционалды жағдайы тұрақты, көп сөйлемейді", – дейді мамандар.
Психологтар шизофренияға шалдыққан адамдарды сырттай тану өте қиын екенін айтады. Мұндай науқастар кейде өзін қалыпты ұстап, сұрақтарға нақты әрі жүйелі жауап беруі мүмкін. Жұмағалиевтің де бастапқыда психикалық ауруы бірден байқалмағаны айтылады. Тергеу кезінде ол сұрақтарға орынды жауап беріп отырған.
Мамандардың айтуынша, шизофрениямен ауыратын кей адамдарда "қоғамды жамандықтан тазартамын" деген қауіпті идея қалыптасуы мүмкін. Жұмағалиев те өз әрекеттерін осындай оймен түсіндіргені айтылады. Кейін ресейлік психиатрлар жүргізген сараптама оның шизофренияға шалдыққанын нақтылаған.
Дегенмен Жұмағалиев өзіне тағылған қылмыстарды толық мойындамаған. Ол өткен оқиғалар туралы ашық айтпайды және өзін "жалған құжатпен қамалдым" деп есептейтіні хабарланды.