Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың басы тағы дауға қалды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы заңгер Анна Чернова Instagram парақшасында айтты. Оның сөзінше, бас бостандығынан шектелген Нұрасыл Болат жазасын өтемей жүрген көрінеді.
Заңгердің жекесіне Нұрасылға қатысты видеолар келген. Видеода Болатұлы далада темекі шегіп, тіпті бір қызды ұрған көрінеді.
Видео шамамен таңғы 3-те түсірілген. Ал Нұрасыл Болат жазасын өтеу талаптары бойынша 23.00-ден кейін үйінен шықпауы керек.
Заңгер қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде тексеріс жүргізуді талап етіп, Антикорға үндеу жасады.
Еске салайық, бұған дейін ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Алматыда өз сүйіктісі мен екі заңгерді соққы астына алғаны туралы ақпарат тараған еді.
Бойжеткенге араша түспек болған адвокаттар да таяқ жеп қалғаны белгілі болды. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 293 "Бұзақылық" бабы бойынша тіркелді.
Ал бұл оқиғаға қатысты пікір білдірген Дәулет Тұрлыханов болған жайтты растап, ұлының кәмелетке толғанын және барлық әрекетке өзі жауапты екенін жеткізген болатын. Сонымен қатар шешімді құқық қорғау органдары қабылдайды деп кесіп айтқан еді.
Кейіннен тағы бір Тұрлыханов - әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс қозғалып, ол Алматы сотында апелляциялық тәртіппен жабық режимде қайта қаралатыны белгілі болды.
Рахат Тұрлыханов пен оның әйелі Алтынайдың өтініші бойынша сот отырысы жабық режимде өтеді.
Бұған дейін әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс сотта қаралып жатқаны белгілі болды. Алматының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сайтында ақпараттың рас-өтірігін тексерілген еді. 3 қаңтарда Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс қарауға қабылданған.
Артынша әнші кінәсін мойындап, әкімшілік ескерту түрінде әкімшілік жазаға тартылған болатын.
Кейіннен Рахат Тұрлыханов пен жұбайы Алтынай кейінгі жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Бәріңізге сәлем. Бұл - Рахат Тұрлыханов және жұбайым - Алтынай. Кейінгі жаңалықтарға байланысты пікір білдіруді ұйғардық. Алтынай бәрін өзі айтса, дұрыс шығар", - дейді видеода әнші. "Рахатпен арамызда бәрі жақсы. Рахат - қамқор, мейірімді күйеу, әке. Иә, барлық отбасында болатыны секілді біздің де арамызда ұрыс, түсініспеушіліктер болды. Бірақ барлық жағдайды білмесе де оны жаман жағынан көрсетіп жатыр. Бәріңіз алаңдап жатсыздар, алаңдайтындай ештеңе жоқ. Бізді бәрі жақсы", - дейді әншінің жұбайы видеода.