Түркияда алкогольден аулақ болыңыз: соңғы күнде 40-қа жуық адам қайтыс болған

Көркем Алдабергенова 20 қаң. 2025 09:51 1148

Түркияда заңсыз өндірілген алкогольден уланып, 17 өзбекстандық азамат көз жұмды, тағы бесеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Ыстамбұлдағы Өзбекстан консулдығы хабарлады, деп жазады Dalanews.kz.

Соңғы күндері Түркияның ең үлкен қаласы – Ыстамбұлда алкогольден улану салдарынан 40-қа жуық адам қайтыс болған.

Өзбекстан консулдығы жұма күні қаза тапқандар санының артқанын хабарлады. Бұл күні тағы үш өзбекстандық азамат көз жұмған. Консулдық марқұмдардың денелерін Өзбекстанға жеткізу үшін құжаттарды дайындап жатқанын және жергілікті ауруханаларда емделіп жатқан азаматтарға көмектесіп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, консулдық өкілдері зардап шеккен азаматтардың туыстарымен және Түркия билігімен тұрақты байланыс орнатқан.

Консулдық кейбір азаматтардың ауруханаға барудан бас тартып, үйде емделуді таңдағанын айтты. Олардың сөзінше, ауруханаға жату қаржылай ауыр болады деп санаған. Алайда мұндай шешімдер ауыр салдарға әкелген: бүйрек жұмысының жетіспеушілігі, көру қабілетінің төмендеуі және тыныс алу проблемалары туындаған.

Түркияның Anadolu агенттігінің мәліметінше, 92 адам ауруханаға түскен, оның ішінде 38 адам қайтыс болған. Кейбір пациенттерге интубация жасалса, сегіз адам кейін ауруханадан шығарылған.

Ыстамбұл губернаторының кеңсесі бейсенбі күні заңсыз алкогольді сатуға қарсы шараларды күшейтетінін мәлімдеді. Құрамында қауіпті метанол сияқты заттары бар контрафактілік алкогольдің сатылымына тосқауыл қою үшін бірқатар қадамдар жасалған. Жыл басынан бері 29 тонна жалған алкоголь тәркіленіп, 64 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылған. Сонымен қатар, 12 адам ұсталып, олардың төртеуіне "адам өлтіру" айыбы тағылды.

Dalanews.kz Түркияда тұратын Қазақстан азаматтарына заңсыз өнімнен сақтану және қауіпті жағдайларда дереу медициналық көмекке жүгіну керектігін еске салады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар