Мәліметтерге қарағанда, Түркя Ресеймен келіскен, енді БҰҰ-ның қолдауын сұрап отыр. Bloomberg дереккөзінің айтуынша, Украина бұл жоспарды мақұлдамаған, өйткені Одесса жағалауын минадан тазартқан уақытта порт Ресей шабуылына төтеп бере алмай қалуы мүмкін.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров сәрсенбі күні Анкарада осы жоспарды талқылайды деп жоспарланған. Украина бұл кездесуге өз өкілін жіберер-жібермесі әзірге белгісіз. Украин порттарын минадан тазарту мәселесін дүйсенбі күні Украина мен Түркия қорғаныс министрлері де талқылаған.
3 маусымда Ресей президенті Владимир Путин украин астығын Украинаның ресейлік әскер бақылауындағы Мариуполь және Бердянск порттары арқылы шығаруды ұсынған.
Ресей мен Украина әлемге астық шығаратын ірі бестіктің қатарына кіреді. Ресей әскері Украина аумағына басып кіргелі бері әлемде азық-түлік күрт қымбаттап кетті. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш мамыр айында әлемнің 43 еліндегі 49 миллион адам аш қалуы мүмкін екенін мәлімдеген.