Биылғы жылдың 11 айының өзінде Түркияның әскери-қорғаныс өнімдерінің экспорты 35,7 пайызға артып, 3,7 млрд долларған жеткен. 2021 жылдың дәл осы кезеңінде түрік ағайындардың әскери-қорғаныс өнімдерінің экспорты 2,7 млрд долларды құраған еді. Бір жылдың ішінде олардың бұл бағытта өнім өндіру көлемі 1 млрд доллардан асып кеткен.
Мамандар жыл аяғынан дейін Түркияның әскери-қорғаныс өнімдерінің экспорты 4,20 млрд долларды құрап, көрсеткіш 37,4 пайызға артады деп болжам жасауда.
Биыл түріктің әскери дрондарына сұраныс күрт өскені белгілі. Бұған Әзірбайжан мен Армения және Украиана мен Ресей арасындағы соғыс әсер еткені анық.
Өйткені, соғыс оты тұтанған екі елде де түріктің «Байрақтары» өзін жақсы қырынан көрсеткенін біеміз. Биыл түріктің әскери дрондарына деген сұраныс 80 пайызға артып, 871,5 млн долларды құраған. Ал 2021 жылдың дәл осы кезеңінде әскери дрондарды саудалау көрсеткіші 484,6 млн доллар болған еді.
Сонымен қатар Түркияда өндірілетін оқ-дәрі мен зымырандарға деген сұраныс 179 пайызға артып, 443,7 млн долларды құрапты. Осылайша әлемді соғыс өрті шарпыған кезде Түркия өндіретін әскери қару-жарақтардың қаны жерге тамбай тұр.