Түркістан облысының 19 жастағы тұрғыны әскери қызметтен үйіне балдақпен оралды. Жігіттің анасы ұлының жамбас буынында туа біткен кінәрат бар екенін әскер басшылығына алдын ала ескерткенін айтады. Ал Қорғаныс министрлігі жас жігіттің әскерге шақырылған кезде денсаулығына шағымданбағанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
"За нами уже выехали" телеграм арнасының мәліметінше, 2025 жылғы қарашада медициналық комиссия оны әскери қызметке жарамды деп танып, Қапшағайдағы №58012 әскери бөлімге жіберген. Отбасының айтуынша, шамамен екі айдан кейін сарбаздың жамбас тұсы қатты ауырып, ақсап жүре бастаған.
Жас жігіт денсаулығының нашарлағанын бірнеше рет айтқанын, алайда ұзақ уақыт бойы тиісті шара қабылданбағанын жеткізді.
Кейін әскери-дәрігерлік комиссия оны әскери қызметке жарамсыз деп таныған. Анасының сөзінше, енді ұлына ота жасау қажет. Алайда отбасының емге қажетті қаражатты төлеуге мүмкіндігі жоқ.
Қорғаныс министрлігі сарбаз денсаулығына шағымданғаннан кейін уақтылы тексеруден өткізіліп, ауруханаға жатқызылғанын және тиісті ем қабылдағанын хабарлады. Дәрігерлер оның буындарында туа біткен кінәрат пен несеп шығару жүйесіне қатысты аурулар бар екенін анықтаған. Осыдан кейін сарбаз денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен босатылған.
Ведомство өкілдері әскерге шақырылар алдында азаматтың қызметке жарамдылығы туралы шешімді жергілікті әкімдік құрған медициналық комиссия қабылдағанын да атап өтті.