Түркістандық "Nur Otan" белсенділері қиындыққа ұшыраған отбасыларды қатарға қосатын жобаны бастады

Dalanews 29 қаң. 2020 12:22 723

Тағдырдың түрлі тезіне ұшырап, жоқшылықтың тауқыметін тартып жүрген отбасылар баршылық. Оларға көп ретте тиісті көмек бір немесе бірнеше рет берумен шектеліп қалады. Көрші-қолаң, ағайын-туыс реті келгенде қол ұшын созады, әлдебір кәсіпкер де, депутатта солай етеді. Алайда өмірдің қиындығына ұшыраған отбасыны азаптан құтқарып, қалыпты елдің қатарына қосумен тиянақты ешкім айналыспайды.

Өткен аптада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа бастама көтеріп, тиісті салаларға тапсырма берді. "Қамқорлық" деп аталған жобаның мақсаты сол - аудан-қалалардағы кедейлік шегіндегі отбасыларды анықтап, қысқа мерзім аралығында аяғынан тұрғызуды көздейді. Аталған жобаны үйлестіру "Nur Otan" партиясының облыстық филиалына жүктелді. Қазір аудан-қала әкімдері мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы осындай отбасылардың тізімін жасап шықты.

Бұл тізімге облыс бойынша әзірге 1535 отбасы (6600-ден астам адам) еніп отыр. Ал жобаға жергілікті бюджеттен 1,6 млрд. теңге көлемінде қаржы қаралады. Шамамен әрбір ауданға 90-100 млн теңгеден бөлінеді.


Қиындық шегіндегі жанұяларды сауықтыру жүйелі түрде 4 кезеңде жүргізіледі.

Біріншіден, қажетті азық-түлікпен қамту.

Екіншіден, науқастары болса толыққанды медициналық көмек көрсету, ауруханаға жатқызып емдеу.

Үшіншіден, жұмысқа орналастыру, мамандығы жоқ болса кәсіптік білімге оқыту.

Төртіншіден, түрлі демеушілік көздері арқылы баспанамен қамтамасыз етіу. Осы кешенді қадамдар іске асқанда ғана кедейлік шегіндегі шаңырақтар қалыпты ел қатарына қосылуы керек.

Әйтпесе қайырымдылықты қазекем қай кезде де жасап келеді. Дегенмен нақты, әрі жүйелі жүрмегендіктен көбісінің оңала алмайтыны анық. Егер осындай тұрақты қолдау арқылы жыл сайын 1,5 мыңдай отбасыны қуантып, ахуалын жақсарта алсақ қанекей! Бірнеше жылда мыңдаған жанның жылдарға созылған проблемаларын шешіп, берекелі шаңырақтың қатарын еселеп арттырар едік. Әсіресе бұл жоба әлеуметтік жайы осалдау, көпбалалы отбасылар бойынша республикада 1-орынға шығатын Түркістан өңірі үшін аса маңызды болмақ.

Кешегі аптада Қазығұрт және Төле би аудандарының ең шалғайындағы осындай отбасыларға арнайы бардым. Жоба жайында жеткізіп, азық-түлік, қаржылай жәрдем ұсындық. Қуаныштысы сол, төлебилік 7 баланың әкесіне жақын маңдағы газ станциясынан тұрақты жалақыға жұмыс табылды.


Қолдау білдірген азаматтарға алғыс. Ал Қазығұртта әке-шешеден қатар көз жазып, алақандай бөлмені паналап отырған қос қызға демеушілер күшімен көктем шыға тұрғын үй салынады. Әзірге жер мен қажетті материалдар дайындалуда.

Өткен бір аптаның өзінде тізімге қосылған 450-ден астам шаңыраққа көмек жетті. Ең бастысы мұның уақытша акциялық сипатта өтпеуін барынша қадағалаймыз. Енді таяу күндері барлық отбасы түгенделіп, оларды оңалтудың нақты шаралары жүзеге аса бастайды. Қатарымызға қосылып, сауапты да, жауапты істі бірге атқарамын дейтін ізігі ниетті жандарды қуана қарсы алуға дайынбыз!

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар