Түркістандық жастар 70 жас сарбазды Отан алдындағы борышын өтуге салтанатты жағдайда шығарып салды

Жарбол Кентұлы 08 қаз. 2024 20:06 1826

Түркістан қаласының жастар ресурстық орталығының алаңында  ҚР Қарулы күштері қатарына 40 жас өрен мен ҰҚК Шекара қызметінің шекті командасы қатарына 30 жігітті салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға әскери сала мен соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, жас сарбаздардың туыстары мен жақындары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Салтанатты шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев әскердегі қызмет – әрбір азаматтың қасиетті борышы және әрбір қазақстандық отбасының тыныштығының кепілі екенін атап өтті, сондай-ақ жас сарбаздар буынына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, Қарулы Күштер ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы запастағы подполковник Бабай Алдабергенов әскерге шақырылушыларға ақ жол тілеп, елдің қауіпсіздігін сақтау оның әрбір азаматының аса маңызды міндеті екенін атап өтті.

Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары подполковник Жандос Күлдербаевтың айтуынша, бүгінгі күні ҰҚК Шекара қызметіне күзгі шақыру жоспарына сәйкес облыстан медициналық және психологиялық комиссиядан өткен 300-ден астам әскерге шақырылушы жіберілді. Бұдан басқа, бүгіннен бастап Қарулы Күштер қатарына әскерге шақыру жасындағы 1000-нан астам азамат шақырылады. Ал күзгі шақыру науқаны осы жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Шақыру науқанының жоспарына сәйкес бірінші кезекте ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелері, Мемлекеттік күзет қызметі, содан кейін Қарулы Күштердің әскери бөлімдері, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы жасақталатынын атап өткен жөн. Ал төрт айдың ішінде Түркістан облысынан 18-27 жас аралығындағы 2500-ден астам азамат әскер қатарына шақырылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар