Түркістанда Ұлттық ұлан ұшағының шассиі өртенді: оқиғаның мән-жайы

Түркістанда Ұлттық ұлан ұшағының шассиі өртенді: оқиғаның мән-жайы
ашық дереккөз

11 қыркүйекте Түркістан халықаралық әуежайында Ұлттық ұланға тиесілі әскери-көлік ұшағында техникалық ақау туындап, шасси бөлігінде өрт шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғадан зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін Көліктегі полиция департаменті ұшу-қону жолағында әуе кемесінде техникалық ақау анықталғанын және оны жою жұмыстары жүргізілгенін хабарлаған болатын.

Журналист Михаил Козачков жариялаған мәліметке сәйкес, әуе кемесі Түркістаннан Астанаға ұшуы тиіс болған. Ұшақ бортында алты экипаж мүшесі мен 59 әскери қызметші болған.

Алдын ала ақпарат бойынша, ұшу кезінде қозғалтқыштардың бірінде ақау пайда болуы мүмкін. Соның салдарынан автоматты тежеу жүйесі іске қосылып, ұшақтың шасси бөлігінде өрт шыққан.

Өрт әуежайдың өртке қарсы қызметі күшімен жедел сөндірілген. Оқиға орнына 13 маман мен үш техника жұмылдырылған. Мәліметке қарағанда, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері шақырылмаған.

Ұшақтағы барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері әуе кемесінен өз бетінше эвакуацияланған. Зардап шеккендер тіркелген жоқ.

Оқиға салдарынан ұшақ ұшу-қону жолағында қалып қойғандықтан, бірнеше рейстің ұшуы кешіктірілген. Кейін арнайы техниканың көмегімен әуе кемесі жолақтан шығарылған.

Козачковтың мәліметінше, ақау Қытайдың Shaanxi Aircraft Company компаниясы шығарған Y-8F-200WA әскери-көлік ұшағында болған. Бұл модель кеңестік Ан-12 ұшағының жаңартылған нұсқасы саналады.

Әзірге Ұлттық ұлан мен уәкілетті органдар оқиғаның нақты себептері жөнінде ресми қорытынды жариялаған жоқ.