Түркістанда Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалы ашылады

Ақтоты Жапатова 26 ақп. 2025 12:10 302

Түркістан қаласында биыл Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалының ашылуы жоспарланып отыр,- деп хабарлайды Dalanews.kz 
 
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Қазақ-Корей халықаралық білім ордасының таныстырылымы өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, «Woosong» университетінің өкілдері, ұстаздар, ата-аналар мен болашақ түлектер қатысты.
 
 
Басқосуда алғысөз алған облыс әкімінің орынбасары жастарға сапалы халықаралық білім алуға үлкен мүмкіндік туып отырғанын тілге тиек етіп, түлектерді берілген мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды.
 
"Құрметті жиынға қатысушылар! Бүгін Оңтүстік Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – «Вусонг» университеті филиалының Түркістан қаласында ашылуына орай, толық ақпарат беру үшін университет өкілдері алдарыңызға келіп отыр. Бұл бастама – Түркістанды білім мен ғылымның орталығына айналдыру жолындағы маңызды қадам, жастарымызға сапалы халықаралық білім алуға берілген тамаша мүмкіндік. Бұл унивеститеттің ашылуы – біздің өңірдегі білім беру саласының жаңа деңгейге көтерілуінің айқын дәлелі. Мұнда тек жоғары деңгейлі академиялық білім ғана емес, Оңтүстік Кореяның заманауи технологиялары мен тәжірибелік оқыту әдістері де ұсынылмақ. Сіздердің алдарыңызда үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр. Аталған университетке министрлік және Түркістан облысы әкімдігі тарапынан гранттар бөлу мәселесі қазірден жоспарланып, қажетті шаралар қабылдануда. Біз, облыс басшылығы, жастарымыздың сапалы білім алып, өздерін жан-жақты дамытуына барлық жағдайды жасауға дайынбыз. Тек үздік білім ғана табысты болашақтың кепілі. Сіздерді осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырамын!",– деді Бейсенбай Тәжібаев.
 
Жиында Оңтүстік Кореяның Халықаралық істер департаментінің деканы Шим Хэк Чже бастаған «Woosong» университетінің өкілдері Корея елінің әлемдік деңгейдегі орнына тоқталып, университеттің тыныс-тіршілігін таныстырды. Қатысушылардың сұрағына жауап беріп, білім ордасы беретін мүмкіндіктер туралы ақпараттандырды.
 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел аумағында танымал жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырмасы аясында облыста бірқатар жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласы «облыс орталығы» атанғаннан бері Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды.
 
Ақпараттық технологиялар саласының кадрларын даярлау мақсатында Түркістан қаласында IT университетін ашу бойынша Оңтүстік Кореяның «Вусонг» білім беру қорының өкілдерімен келіссөздер жүргізіліп, бүгінде Әкімшілік-іскерлік орталығында ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бұл университет – білім мен ғылымның, мәдениет пен тәжірибенің тоғысатын жаңа орталығы болмақ. Студенттер әлемдік деңгейде білім алып қана қоймай, халықаралық тәжірибеден өтуге, еңбек нарығында сұранысқа ие маман атануға мүмкіндік алады. Одан бөлек, «қос диплом» бағдарламасымен білімін Корея елінде жалғастыру, сол елде жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған.
 
Бұл бастама ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің тікелей атсалысуымен жүзеге асырылуда. Жақында халықаралық университет өкілдері ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясатпен кездесіп, дайындықтарды пысықтамақ.
 
Халықаралық университетте 4 факультет ашылады. Онда «Жасанды интеллект және үлкен ақпараттар талдауы», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Әлемдік төртінші IT өнеркәсіптік революция», «Мультимедия және Web дизайн» мамандықтары бойынша 2340 студент білім алады деп жоспарлануда. Университеттің ашылуы 2025 жылдың күзіне жоспарлануда.
 
Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы 1088 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл өңірде мектеп бітіруші түлектердің саны 33 мыңнан асады. Олардың 23 мыңға жуығы жоғары оқу орындарына түсуге ниетті. Өткен жылы еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, Түркістан облысы әкімдігі тарапынан грант бөлінді. Нәтижесінде, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 12 мамандық бойынша 107 студент грант негізінде білім алуда.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар