Түркістан соты белсенді әрі «С-ИНФОРМ» газетінің өкілі Құрал Сейітханұлы Исмановты дербес деректерді заңсыз таратқаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
8 қыркүйекте Түркістанда белсенді Құрал Сейітханұлы Исмановқа қатысты сот үкімі шыққан. Бұл туралы журналист Амангелді Батырбеков мәлімдеді.
Сейітханұлы биыл мамыр айында блогер Ләззат Асанованың арызынан кейін ұсталған. Асанова белсендіні өзінің жеке деректеріне қатысты ақпаратты таратты деп айыптаған.
Журналист Амангелді Батырбековтің айтуынша, Исманов жариялаған мәліметтер құпия ақпарат болмаған. Оның сөзінше, бұл деректер бұған дейін әлеуметтік желілерде де жарияланған.
Сот үкімі жарияланғаннан кейін Ләззат Асанова істің адамның жеке өмірі мен дербес деректерін қорғау құқығына қатысты екенін айтты.
Оның пікірінше, адамның жеке деректерін оның келісімінсіз тарату фактісін жай ғана әлеуметтік желідегі жазба ретінде қарастыруға болмайды.
Құқық қорғау ұйымы «Әділ сөз» бұған дейін журналистер мен белсенділерге қатысты істерде жарияланған ақпараттың бұрын ашық дереккөздерде болған-болмағаны және оны алғаш таратқан тұлғалардың жауапкершілігі мәселесі де маңызды екенін атап өткен. Ұйым журналистерді қылмыстық қудалау кезінде заңдылық, құқықтық айқындық және заң алдындағы теңдік қағидалары сақталуы қажет екенін мәлімдеген.