Түркістан: Партия филиалы «Қамқорлық» бағдарламасын бастап кетті

Dalanews 25 қаң. 2020 17:39 726

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Қазығұрт және Төлеби аудандарында қоғамдық қабылдау өткізді. Сонымен бірге облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша әлеуметтік жағдайы төмен 4 отбасының шаңырағына келіп, тұрғындармен кездесті. Оларға партия атынан азық-түлік пен қажетті заттар тапсырып, облыс әкімінің «Қамқорлық» жобасы жайлы кеңінен түсіндірді.

Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Қамқорлық» жобасын жариялаған болатын. Бұл жобаның мақсаты – тұрмыс жағдайы өте төмен отбасыларды түгел анықтап, оларға жүйелі көмек көрсету. Жоба бойынша облыстық бюджет, демеушілер және қайырымдылық қорлары арқылы кедей отбасының әрбір мүшесіне медициналық, жұмысқа орналасу, азық-түлік пен тұрмыстық заттар әперу, білім алу және өзге де мәселелер бойынша тұрақты көмек көрсетіліп, олардың еңсе тіктеулеріне жағдай жасалады. Өңір басшысы бұл жобаны жүзеге асыруға партия филиалы да тікелей атсалысатынын айтқан болатын. Тұрғындар бұл бастамаға ризашылықтарын білдіріп, сәтті жүзеге асуына тілектестік танытты.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың қоғамдық қабылдауына Қазығұрт ауданынан 8 тұрғын жазылған болатын. Солардың бірі Б.Түкенов жер кезегінде тұрғанымен әлі күнге дейін үй қол жеткізе алмай келе жатқанын айтып, шағымданды. Қазығұрт ауданында қазір 6671 адам жер кезегінде тұр. Ауданда 2013 жылдан бері жер беру тоқтатылған. Енді ауданның бас жоспары жасалып, 200 гектар жерді тұрғындарға беру мәселесі қарастырылып жатыр. Осы деректерге тоқталған Б.Дәулетұлы инфрақұрылым тартылған соң жер кезекке сай берілетінін айтты. Жалпы қабылдау барысында Қазығұрт ауданында жер мәселесі өте өзекті екені аңғарылды.

Ал С.Ташқараев электр бағаналарының ескіргені, электр қуатының сапасы нашар екенін айтып, мәселе көтерді. Тұрғынға бүгінде осы түйткілге байланысты тиісті жобалық сметалық құжат әзірленгенін, бұл мәселе шешімін табатыны айтылды.

Сонымен бірге қоғамдық қабылдауда бірнеше тұрғын атаулы әлеуметтік көмек алу, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы бойынша құжат реттеу жөніндегі арыздарын айтты. Әсіресе, Г. Жұмалиеваның жанайқайы өзекті. 7 баланың анасы бүгінде көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының өзін ала алмай жүр. Көпбалалы ананың шағымы назарға алынып, партияның бастамасымен жуырда шешімін таппақ.

Төлеби ауданындағы қоғамдық қабылдауда тұрғындар баспана, әлеуметтік көмек және мал ұрлығы бойынша шағымданды. Олардың бірқатарын нақты шешу бойынша ұсыныстар мен тапсырмалар берілді. Қоғамдық қабылдау мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен кездесуге Қазығұрт және Төлеби ауданы әкімдіктерінің өкілдері, депутаттар мен жергілікті партия филиалының бірінші орынбасарлары да қатысып, «Қамқорлық» жобасы бойынша жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді. Екі аудан бойынша қабылдауға келген әрбір тұрғынның талабы заң аясында орындалуы партия филиалының қадағалауына алынды.

 

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар