Түркістан облысында конференц-залды жөндеуге 35 техника талап етілген

Түркістан облысында конференц-залды жөндеуге 35 техника талап етілген
Фото: ЖИ

Түркістан облысында конференц-залды жөндеуге мердігерден 35 түрлі техника талап етілген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Goszakup turaly telegram арнасының авторлары аталған мемлекеттік сатып алуға алғаш рет 13 тамызда назар аударған. Сол кезде конференц-залды жөндейтін компанияға тракторы болуы керек деген талап қойылған. Бұдан бөлек, мердігердің бұрын осындай жұмыстарды атқарған тәжірибесі болуы міндеттелген.

Кейін тапсырыс беруші сатып алу құжаттарын өзгертіп, жөндеу жұмыстарының сметасын жариялаған. Алайда техникаға қойылатын талаптарды қысқартудың орнына олардың тізімін көбейткен.

"Бастапқыда талап етілген жалғыз трактордың қатарына экскаватор, самосвал, автокөтергіш, тиегіштер, жүк-жолаушы көлігі және 15 орындық автобус қосылған. Бұл ретте қажетті техника саны жұмысшылар санынан да көп", - делінген арна жазбасында.

Тізімге шынжыр табанды трактор, жол жиегін қалыптастыратын арнайы техника, сыйымдылығы кемінде 8 мың литр болатын суару-жуу машиналары және басқа да көліктер енгізілген. Кейбір техниканың бірнеше данасы сұралған. Жалпы саны – 35.

Арна авторлары конференц-залды жөндеуге жол салу мен күтіп ұстауға арналған техникалардың не үшін қажет болғаны түсініксіз екенін атап өтті. Сонымен қатар жұмысшылар тізіміне жол жұмысшылары, техник маман мен жүргізушілер де қосылған.

"Мұндай талаптардың Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің назарынан қалай тыс қалғаны – жұмбақ", - деп жазды дереккөз.