Түркістан өңірінде барлығы 870 мың азамат жалпы зейнетақы мен арнайы әлеуметтік төлем алады.
Олардың қаржы қажеттілігіне ай сайын 24,1 млрд теңге жұмсалады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ә.Темірбаеваның айтуынша, бұдан бөлек биылғы жылдан бастап арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеміне өзгертулер мен толықтырулар енгізілген.
«2018 жылдың 1 қаңтарына облыс көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылардың саны 298 353-ті құрап, оған 2,3 млрд. теңге көлемінде төлем жүргізілген.
Биылдан бастап мұндай жәрдемақының құрамынан «Алтын Алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы санаты бөлініп, жеке мемлекеттік қызмет түрі болып қосылды.
Осы аталған жәрдемақы бойынша 2018 жылдың бірінші тоқсанында 70 147 мемлекеттік қызмет көрсетілді», – дейді Әсия Құралқызы.
Сондай-ақ, департамент басшысы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап кезең-кезеңімен әйелдердің зейнетке шығу жасы ұлғайғанын айтты. 1960 жылдың 1 қаңтарында туылған әйел зейнетке 2018 жылдың 1 шілдесінде, яғни, 58,6 жасында шығады. Егер әйел 1960 жылдың 1 шілдесінде туылған болса, оның зейнеткерлік жасы 59 келеді. Себебі, 2019 жылдың 1 қаңтарына оның жасы 58,6 толғанымен, 2019 жылы жалпы белгіленген зейнеткерлік жас 59-ды құрайды.
Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыста жалпы 234 924 зейнеткер бар. Оларға 10,0 млрд теңге көлемінде зейнетақы төлемі жүргізілген.