Республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы Түркістан облысында қарқынды жүруде. Акция аясында бүгін Арыс қаласында сенбілік өтіп, шараға қалалық мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, еңбек ұжымдарының өкілдері, қала жастары атсалысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Экобелсенділер ағаш түптерін әктеп, жасыл желектің түптері мен жол жиектерін арамшөптерден тазалады. «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – үйіміз бен туған жерімізді таза ұстау, қоқыс шашпау, халық арасында экологиялық сауаттылықты арттыру, экологиялық мәдениетті сақтауды үйрету.
«Таза Қазақстан» акциясы басталған сәуір айынан бері Түркістан облысы бойынша облыстағы 2500-ден астам білім беру ұйымдарында (1421 балабақша, 1052 мектеп, 50 колледж) экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, халықты қоршаған ортаны ластамауға үйрету.
Балаларды табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелейтін 2000-ға жуық ашық сабақ, 650 кездесу, 960 дөңгелек үстел өткізілген. Акция аясында облыста медициналық нысандардың аумағында 10 957 дана түп ағаштары отырғызылып, 61 842 ағаш түптеріне әктеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, облыс аумағында орналасқан туристік нысандар аумақтарына санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру бойынша әзірленген жол картасына сәйкес, Қ.Ясауи кесенесі, Отырар қалашығы, Үкаш-ата Кесенесі, «Шаға» туристік – рекрациялық орталығы, «Ақмешіт» жерасты үңгірі, «Домалақ ана» кесенесі мен бұлағы, Бибі мәриям кесенесі, Шахан ата кесенесі, Үкаша Ата кесенесі, Гаухар ана кесенесі, Арыс музей ғимараты, Шаммат Ишан музейі, Ерубаев музейі сынды киелі және тарихи орындарда тазалық акциялары ұйымдастырылды.