Облыстағы барлық сайлау учаскелерінде, жергілікті уақыт бойынша мемлекеттік Әнұран шырқалып, алғашқы сайлаушылар өз таңдауын жасап, дауыс беруде.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы №133 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
Бұл учаскеде 2 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Аталған аумақта сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары. Олардың арасында 18-ге енді толған жастар мен зейнеткерлер бар.
Түркістан облысында жалпы үміткерлердің жалпы саны – 1211. ҚР Парламенті Мәжілісіне – 19 үміткер, облыстық және аудан, қалалық мәслихаттарға – 1192 үміткер тіркелген. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша – 1112, облыстық мәслихатқа 23 округ бойынша – 81 кандидат, аудан, қалалық мәслихаттарға 292 округ бойынша – 1031 адам кандидатурасын ұсынған. Партиялық тізіммен тіркелгендер саны – 80. Жалпы бірмандатты округтер бойынша үміткерлер саны – 1131.
Облыста 1168658 сайлаушы бар. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Дауыс беру кезінде облыстағы 941 сайлау учаскесінде 8 мыңнан астам байқаушы жұмыс істеп жатыр.
Сайлау күні мүгедектігі бар жандарға да тиісті жағдай жасалған. Барлық өңірдегі сайлау учаскелерінде Брайль шрифті бар трафареттер, кандидаттар тізбесі бар бюллетеньдердің аудио нұсқалары қолжетімді. Сондай-ақ сайлау учаскелерінде санитарлық талаптар сақталған.