Тұрғымбаев "Дикий Арманның" Қаңтарда Қазақстанға еркін кіруін қамтамасыз еткен бе?

Көркем Алдабергенова 09 ақп. 2024 18:01 21472

Телеграм-арналардың бірінде Қаңтарда Самат Әбіштің бұйрығын орындадым деген полковник Руслан Ысқақовтың хатына жауап пайда болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мұнда Руслан Ысқақов хатты өзінен жауапкершілікті алып тастау үшін жазғаны айтылады.

"Ысқақов өзін жақсы жағынан көрсету үшін кейбір деректер туралы ауыз ашпай, кейбірін әдейі бұрмалап отыр. Мысалы, оның Мемлекет басшысының алдағы наразылық акциялары туралы ескертулері туралы таратқан ақпараты шындыққа сәйкес келмейді. Қаңтар оқиғасы басталған тұста содырлардың стратегиялық арсеналға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін Алматыдағы Ішкі істер департаментінің ғимараты толығымен қараусыз қалды. Ысқақов бұл туралы айтпайды", - делінген жазбада.

Руслан Ысқақов "Дикий Арманды" тәртіпті қадағалап жүрген адам сияқты көрсеткен көрінеді.

"Ол қоластындағы адамды ("Дикий Арманды") қылмыс әлеміне қатысы бар деп емес, әлеуметтік нысандарды қорғап жүрген өзінің "досы" секілді атап өтеді. Оны дәлелдейтін айғақ та бар: олар әскерилер мен полиция жараланған содырларды және олардың денесін алып кетуіне жол бермеген, ол үшін олар ауруханаларды қоршап алған. Хатта "Қазақстан" қонақүйінде адамдарды кепілге алып, азаптау үшін құрылған штаб туралы да айтылмаған. Одан бөлек, "Дикий Арман" ұсталған кезде одан қарулар тәркіленген. Күні кеше Дикий Арманның қоластындағы адамдар ұсталды.

Самат Әбіш туралы айтқаны да ерекше көзге түсті. Бүгінде Назарбаевтың немере інісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды және Ысқақов расында оның бұйрығын орындаған. Ол ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің әрекетін ұйымдастырып, оларға бұйрық берген. Ол видео арқылы дәлелденген".

Сонымен қатар, арнадағы жазбада бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты мәлімет берілген.

"Тағы бір маңызды факт: Тұрғымбаев "Дикий Арманның" Қаңтарда Қазақстанға емін-еркін кіруіне жәрдемдескен және Мемлекет басшысына сол тұстағы ахуал туралы теріс ақпарат берген. Неге екені, Ысқақов Алматыда қару-жарақ арсеналы сақталған және тәртіпсіздікке қарсы штаб болған ІІД ғимараты басып алынғаны туралы сөз қозғамайды. Ысқақов бұл туралы айтпауды жөн көреді. Бірақ Таймерденов әуежайды басып алуға қатысқан кейбір адамдарды босатып жібергенін басып айтады.

Әуежайды басып алуға қатысты да бөлек тоқталуға болады. Ысқақов әуежай басып алынғаннан кейін келген жұмбақ борт туралы, ол борт артынша Бішкекке бос болып ұшып кеткені туралы айтпайды. Сонымен қатар, ол борт Алматыға 10 рет ұшып келгенін, артынан мүлде көрінбегені туралы айтпаған. Шекара ҰҚК бақылауында екенін ескерсек, Қазақстанға Қаңтар оқиғасын бақылауға алған радикалдар ұшып келуі де ғажап емес".

Материалдың ресейлік "Новая газета" басылымында жарық көруі де бекер емес болуы мүмкін. 

"Бұл материалдың артында Мәскеуден бір адам тұруы мүмкін. Бірақ бұл басылым несімен ыңғайлы? Себебі олар контекстті түсінбейді, оның журналистері Қаңтар оқиғасы туралы ештеңе білмейді және әрбір жеке ұстанымға қатысты сыни тұрғыда сұрақтар қоя алмайды", - делінген жазбада. 

Айта кетейік, кеше Қаңтар оқиғасынан кейін жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыпталған полковник Руслан Ысқақов "Новая Газетаға" шын мәнінде не болғанын айтқаны белгілі болған еді. Ол "Дикий Арман" шын мәнінде Самат Әбіштің бұйрығын орындағанына сенімді.

Руслан Ысқақов хатта Самат Әбіштің қандай бұйрығын орындағанын ашық айтып берген болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар