Тұңғышбай Жаманқұловтың жары мәлімдеме жасады

Dalanews 20 сәу. 2017 05:21 1475

Алматыда халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловқа қатысты сот отырысы жалғасуда. «Феникс» фильмінің түсіріліміне бөлінген қаржыны қолды қылды деп айыпталған Жаманқұлов бүгінгі сотқа келе алмады. Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында таралған «ол өзіне тағылған айыптарды мойындады» деген жалған ақпарат оның денсаулығын күрт нашарлатып жіберіпті. Бұл туралы   «31 арнаға» берген сұқбатында  Жаманқұловтың жары Дария Жүсіп мәлімдеген.
– Біз сегіз рет скорой шақырдық бір айдың ішінде ноябрьде. Осының бәріне шыдап келе жатты ол кісі. Түнде сағат үште қатты қиналды. Скорой шақыртқан жоқ, «Дария, шақырмашы, барғым келмейді, ертең сот, сотқа барамын» деген әңгіме болды. Бірақ түске қарай шыдай алмады, скорой шақырдық, – деді Дария Жүсіп.

 Алты айдан бері азапты күндер өтуде деген актердың жары Дария Жүсіп тілшілермен тұңғыш тілдесті. 17 сәуірдегі сот отырысынан кейін өзін жайсыз сезінген Тұңғышбай Жамақұловтың жүрегі сыр берген. Оған желілерде жазылған жалған ақпарат та себеп болған екен. Ал Халық артисінің толық ақталып шығуына дәлел аз дейді қорғаушылар.
– Қазіргі таңда сот шешімі шығады, сот шешімі бәрін анықтайды. Бірақ дәл қазір жеткілікті дәлелдемелер өте аз іс бойынша, – деді қорғаушы Бақыткүл Қадырбекова.

Жаманқұловтың қорғаушылары жалған дерек таратқан ақпарат құралдарын заң алдында жауапқа тартуға ниетті. Ал айыптау актісі бойынша Тұңғышбай Жаманқұлов қылмыстық әрекетті бірнеше адаммен бірігіп жүзеге асырды делінген. Фильм түсіріліміне бөлінген 79 миллион теңгенің 69 миллионы қолды болыпты. Бұл іс бойынша жалпы саны 9 адам жауапқа тартылған.  Ал төзімді болуды үйрендім деген Халық артисінің жары оның кінәсіздігіне сенімді.
– Тазалықпен, шындықпен қарайтын болса, Тұңғышбай Қадыровичтің еш айыбы жоқ. Оны бүкіл халық біледі, қасындағы адамдар, жоғарыдағы адамдар. Бірақ неге мән бермей отырғаны маған үлкен құпия, – деді Т.Жаманқұловтың жары Дария Жүсіп.

Актердің ауырып қалуына байланысты келесі сот отырысы 27 сәуірге белгіленген. Қазір халық әртісі  Тұңғышбай Жаманқұлов қалалық кардиологиялық орталықта ем қабылдауда. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар