Белсенді, халықаралық шолушы Қуаныш Еділхантегі әлеуметтік желідегі парақшасында АҚШ президенті Дональд Трамптың Ирандағы жағдайға байланысты жасаған соңғы мәлімдемесіне назар аударып, өңірде соғыс қаупі күрт артқанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның жазуынша, Трамп Иран халқын ашық түрде билікке қарсы шығуға шақырып, ирандық шенеуніктермен барлық байланысын тоқтататынын мәлімдеген.
«Ирандық патриоттар, наразылықты жалғастырыңыздар - өз мекемелеріңізді басып алыңыздар!!! Кісі өлтірушілер мен зорлық-зомбылық жасаушылардың есімдерін есте сақтаңыздар. Олар ауыр баға төлейтін болады. Наразылық білдірушілерді мағынасыз өлтіру тоқтамағанша, мен ирандық шенеуніктермен барлық кездесулерді тоқтаттым. Көмек жолда. МАГА», - деп жазды Дональд Трамп.
Қуаныш Еділхантегінің пікірінше, бұл мәлімдеме АҚШ-тың шешім қабылдағанын білдіреді.
«Яғни шешім қабылданды. Бүгін, не ертең түнде АҚШ соққы жасайды, 48 сағаттың ішінде белгілі болады», - деп жазады ол.
Иран мен Ресейдің реакциясы
Шолушының жазуынша, Трамптың мәлімдемесіне Иран бірден жауап берген.
«Иранның реакциясы: Біз Израильді бомбалаймыз, АҚШ базаларын бомбалаймыз», - деп келтіреді ол.
Ал Ресей тарапы бұл жағдайды сыртқы араласу ретінде бағалап отыр.
«Захарова: Ресей Ирандағы ішкі саяси үдерістерге сырттан жасалып отырған бүлдіргіш араласуды қатаң айыптайды. Иранға қарсы бағытталған сыртқы күштер "түрлі-түсті революциялар" әдістерін қолдана отырып, иран мемлекеттілігін күйретуге тырысып жатыр», - деп жазады Еділхантегі.
Ирандағы жағдай: адам шығыны мыңнан асады
Қуаныш Еділхантегінің дерегінше, қазір Иранда халықтық қарсылық акциялары тоқтаған жоқ, ал билік күш қолдану тәсіліне көшкен.
«Қарсылық акциясы жалғасып жатыр. Аятолла күш қолдануға кірісті. Халық жағында еш қару жоқ, үкімет жағы толықтай қаруланған», - дейді ол.
Оның мәліметінше, адам шығыны өте көп болуы мүмкін.
«600-ден 12 мың адамға дейін өлген деген ақпар бар. Билік жағы, әрине, кемітіп көрсетеді, алайда моргтерде орын жоқ, адамдар мүрдесі көшелерде жатыр», - деп жазады шолушы.
Ол Иран қалаларында қорқыту тактикасы қолданылып жатқанын да атап өтті.
«Тіпті нөмірлерін алып тастаған машиналар көше қиылыстарында кез келген адамдарды атып кетіп жатыр екен. Мақсаты - қорқыту», - дейді Қуаныш Еділхантегі.
Интернет өшірілген, Starlink бұғатталуда
Шолушының айтуынша, қазіргі көтеріліс бұрынғылардан ауқымымен ерекшеленеді.
«Бүкіл Иран халқы көшеге шыққан, бұрынғы қарсылықтарға қатыспай қалғандар да толық шыққан», - деп жазады ол.
Сонымен қатар, билік ақпараттық оқшаулау жүргізіп жатыр.
«Интернет толықтай өшірілген. Старлинктерді Қытай, РФ мамандары өшіріп тастауға тырысып жатыр. Көп жерлерде істен шығарылған, дегенмен де азды-көпті жерлерде бар», - дейді халықаралық шолушы.
Еске салайық, мұның алдында Трамп Иранмен жұмыс істейтін елдерге 25% баж салығын енгізетінін мәлімдеген болатын.
Ал экономист Бауыржан Шурмановтың пікірінше, АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс мұнай бағасын өсіруі мүмкін.
