Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппаратының жарылысы тіркелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қорғаныс министрлігі мәліметінше, оның қалдықтары елді мекендерден алшақ аймақта табылды.
"Зардап шеккендер мен материалдық шығын тіркелген жоқ. Уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын және нысанның шығу тегін анықтауға бағытталған тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әуе кеңістігін бақылауды күшейту және әуе нысандарының мемлекеттік шекараны рұқсатсыз кесіп өтуін болдырмау мақсатында қосымша шаралар қабылдады. Сондай-ақ, бұл аппараттар тиесілі болуы мүмкін шетелдік серіктестермен консультациялар жүргізіліп жатыр", - деп жазылған министрлік хабарламасында.
Ал Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті уәкілетті органдармен бірлесіп, Бөрлі ауданында ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтарына ұқсас заттар табылуына байланысты тексеріс жүргізіп жатыр.
