"Төсекке дейін жорғалайды": Астанадағы колледж студенттері тарақан басқан жатақханаға шағымдануда

Қаракөз Амантай 27 мам. 2024 10:36 2655

Елордадағы Кәсіптік-техникалық колледждің студенттері тарақан басқан жатақхананың жай-күйіне шағымданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Колледж студенттері бір бөлмеден орын алу үшін әрқайсы 10 мың теңге төлегендерін, алайда тарақанмен тұруға мәжбүр екендерін жеткізді.

"Астанадағы Кәсіптік-техникалық колледжіне шағым айтқым келеді. Басшылыққа жатақханадағы тарақандар туралы хабарлап, неге уламайтындарын сұрадық. Олар улап жатқанын айтты. Әр студент бір бөлмеге 10 мың теңгеден төлейді. Ал тарақандар төсекке дейін жорғалайды", - делінген шағымда.

Студенттер жатақханада тышқандардың да бар екенін айтып отыр.

Шағымданушылар сөздерін растау үшін видео жолдаған. Сөздеріне сүйенсек, олар тарақан жайлаған шкафты алып тастағанға ұқсайды. Желі қолданушылары студенттерге санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға дереу хабарласуды ұсынды.

"СЭС-ке шағым түсіріңіздер, егер бөлмелерде тарақандар болса, демек асханада да бар!", "Осы оқу орнының басшылығын отбасымен бірге осы жатақханаға орналастыру керек, студенттердің қалай өмір сүретінін көрсін!", "Мұндай әлі де бар ма?" деп жазды желі қолданушылары.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар