Ресми мәліметке сәйкес, сенбі күні Әубәкіров медициналық орталық ауруханасына хабарласып, жөтел, әлсіздік пен тершеңдік бар екенін айтқан.
"Жедел медициналық жәрдем бригадасы жіберілді. Тексеріс кезінде жағдай тұрақты болған. Сатурация 95%, ал температурасы 36.6. ПТР-сынама алынды", - дейді мамандар.
Тест вирус жұқтырғанын көрсетті. Әубәкіров 6 күннен бері ауырып жүргенін жеткізді. Үйде "Сумамед" деген дәрі ішкен. Бірақ аурухананың көмегіне жүгінген жоқ.
"23 тамызда аурухананың мобильді тобы үйіне барып, анализ алды. Кеуде тұсының компьютерлік томографиясы да жасалды. Зертханалық зерттеудің нәтижесі бойынша Нұр-Сұлтан қалалық инфекциялық орталығына жіберілді. Бірақ пациент ауруханаға жатудан бас тартты", - деді аурухана қызметкерлері.
Бүгін таңертең мамандар ғарышкермен тағы сөйлесіп, инфекциялық орталыққа жатуға көндірді. Диагнозы - COVID-19. Жағдайы орташа ауыр. Екіжақты полисегментарлық пневмония анықталды.
Тоқтар Әубәкіров коронавирусқа қарсы вакцина алған. Екінші дозасы 17 сәуірде салынған болатын.