Президент Тоқаев келер жылғы Қазақстанның төрағалығы «Түркі дәуірі», яғни «TURKTIME» ұранымен өтетінін айта келе Түркі елдерінің бірлігін бекемдейтін сегіз мәселеге тоқталды.
"Салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy)» атты сегіз мәселеге басымдық береміз", – деді Президент.
Бірінші басымдық
салт-дәстүр бойынша Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туын және эмблемаларын бір үлгіге келтіру жайлы ұсыныс айтылды.
Өткенді ұмытпау тарихты ұлықтаудан басталатыны айтылып, құзырлы органдар беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуге уағдаласты. Себебі ортақ тарихта әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар.
Екіншіден, Түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өзекті. Бұл орайда мемлекет стандарттары және терминологиясын жүйелеу маңызды болмақ. Президент бұл ретте модельдік заң жобасын қысқа мерзім ішінде қарап, оны мақұлдауға шақырды. Бұл бастама тауарларды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашады.
Бұдан бөлек, Түркі мемлекеттері ұйымының Референттік орталығын құру күн тәртібіне шықты. Бұл орталық өнімді сынау нәтижелерін өзара тануға, сондай-ақ химия және тамақ өнеркәсібі салаларында жаңа зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік бермек.
Ал үшінші басымдық – реформалар бойынша Орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесін құру өзекті екені айтылды.
Ғылыми әріптестік бойынша Президент «Елдерімізде әлемдегі үздік университеттердің филиалын ашуды ұсынамын. Бірлескен ғылыми шаралар өткізіп, тәжірибе алмасу керек. Жасанды интеллектіні, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударған жөн» деген пікір айтты.
Бесінші басымдық сенімге құралған. Аумалы-төкпелі заманда халықаралық ахуал да тұрақсыз. Осындай алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу аса маңызды болып отыр. Бұл ретте қару-жарақ және есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық одан әрі нығаяды. Осы орайда келесі жылы Астанада Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-ші отырысы өткізілмек.
Маңызды бағыттардың ішінде инвестиция мәселесінің ауқымы кең және Астана қаласына Түркі әлемінің Қаржы орталығы мәртебесін беру туралы бастаманың қолдауға ие болуы оның қаншалықты мән-маңызға ие екенін айшықтап тұр.
Жетінші бағытта қамтылған медиация тақырыбының рөлі айтпаса да түсінікті. Палестинаға гуманитарлық көмек ретінде 1 миллион доллар бөлу туралы шешім қабылданғаны хабарланды. Себебі ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық пен лаңкестік әрекеттер арқылы шешуге мүлдем жол берілмейтіні айтылды.
- Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа Секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегуде. Қазір Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі тоқырауға түскені жасырын емес. Осындай кезде Бас Ассамблеяның рөлін күшейту керек. Бұл ретте Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде мейлінше сындарлы болу қажет. Біздің ойымызша, бұл маңызды орган әлемнің барлық аймағын қамтитын мемлекеттермен толығуға тиіс. Бұл тұрғыда түркі интеграциясын бекемдей түсуге мән берген абзал, – деді Мемлекет басшысы.
Жиында энергия қорын үнемдеу (сегізіші бағыт) мәселесіне де баса мән берілді. Бұл бағытта биыл Қазақстанда Халықаралық энергетика форумын өткізу ұсынылды. Сонымен қатар 2026 жылы Қазақстанның бастамасымен климат мәселесіне арналған аймақтық саммит өткізу жоспарланып отыр.
https://dalanews.kz/bas-takyryp/94899-toqaev-turki-elderining-birligin-beke