Иран Ормуз бұғазын АҚШ, Израиль және олардың одақтастары үшін ұзақ уақытқа жаба алатынын мәлімдеді. Бұл туралы Press TV телеарнасына ирандық шенеунік айтты. Оның сөзінше, ел мұндай жағдайды жылдар бойы сақтай алады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұндай ұстаным АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базалары мен гарнизондарын қамтамасыз етуге қажет жабдықтардың басым бөлігі осы теңіз жолы арқылы тасымалданғанымен байланысты.
Press TV дереккөзі Тегеран бұғаздағы қозғалыс бұрыннан реттелгенде, қарсы тараптың аймақтағы логистикалық мүмкіндігі әлсірер еді деп есептейтінін жеткізді.
Бұған дейін Al Jazeera Иран Ормуз бұғазына кіру мәселесінде елдерді үш санатқа бөлуді қарастырып отырғанын хабарлаған. Олар - қарсы, бейтарап және достас елдер. Қарсы елдерге бұғаз арқылы өтуге рұқсат берілмейді, ал бейтарап мемлекеттер төлем жасауға тиіс.
АҚШ пен Израильдің Таяу Шығыстағы әскери әрекеттері Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы күрт азаюына әкеп соқты. Бұл бағыт араб елдерінен мұнай мен сұйытылған газ жеткізудегі негізгі жол саналады. Соның салдарынан әлемнің көп елінде жанармай бағасы өсіп жатыр.
Қазір бұл теңіз жолымен Иранға достас елдер ғана өте алады. Tasnim агенттігінің дерегінше, олардың қатарында Ресей, Қытай, Үндістан, Ирак және Пәкістан бар.
АҚШ президенті Дональд Трамп кейбір еуропалық және азиялық елдерді бұғазды ашу үшін аймаққа кемелер жіберуге шақырған, алайда көпшілігі бұл ұсынысты қолдамаған.
Жуырда Тегеран араб елдері және азиялық елдер үшін бұғазды пайдалану тәртібін айқындайтын "Ормуз пактін" әзірлеуді ұсынды.