Абай облысында Курчатовты ғылым қалашығы ретінде дамыту мәселелері талқыланды

Самал Асқар 03 сәу. 2026 18:39

Абай облысында ғылым мен инновацияны дамыту шаралары 2026–2030 жылдарға арналған өңірді дамыту жоспарына енгізілді, деп хабарлайды Dala News.
 
Өңірде ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Кеңесті облыс әкімі Берік Уәли басқарады.
 
Бүгін Семей қаласында аталған кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин арнайы қатысып, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенттері Абай Серікқанов пен Елена Шевченко Zoom арқылы қосылды.
 
Кеңес отырысында «2027–2035 жылдарға арналған Курчатов ғылым қалашығын дамытудың кешенді жоспарының жобасы» және өңірлік ғылымды дамыту мәселелері қаралды.
 
Жиынды ашқан облыс әкімі ғылым саласының маңыздылығын атап өтті.
 
«Жаңа Конституциямызда білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты деп танылды. Жергілікті атқарушы органдар ғылыми ұйымдармен және бизнеспен бірлесіп ғылымды дамытуға жағдай жасауы тиіс. Ғалымдардың әзірлемелері экономикаға енгізіліп, нақты нәтиже беруі керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, ғылым – жалпыхалықтық іс», – деді Берік Уәли.
 
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Қазақстанда бірде-бір ғылым қалашығы жоқ екенін атап өтіп, Үкіметке бұл бағытта заңнамалық ұсыныстар әзірлеуді тапсырған болатын.
 
Сонымен қатар Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында Президент Курчатовта ғылым қалашығын құру жоспарын әзірлеуді жүктеді. 2025 жылғы 24 желтоқсанда Үкімет қаулысымен ғылымды шоғырландыру аумақтарын дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, онда Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру қарастырылған.
 
Осы тапсырмалар аясында Атом энергиясы жөніндегі агенттік, Абай облысы әкімдігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және Ұлттық ғылым академиясы бірлесіп кешенді жоспар жобасын әзірледі.
 
Курчатов қаласы – ғылым мен технологияның тарихи әрі стратегиялық орталығы. Мұнда Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық технологиялар паркі орналасқан.
 
Қалада зерттеу реакторлары, заманауи зертханалар, эксперименттік кешендер және қазақстандық термоядролық токамак сияқты бірегей ғылыми инфрақұрылым бар.
 
Ғылыми қалашықты дамыту аясында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, инфрақұрылымды және әлеуметтік нысандарды дамыту басты бағыттардың бірі ретінде белгіленген.
 
2025–2029 жылдарға арналған Курчатов қаласының даму жоспары әзірленді. Жоспар 76 жобаны қамтиды және оның жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайды.
 
Ірі жобалардың қатарында:
•700 МВт электр станциясының құрылысы
•көмір-химия кешені
•инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары бар
 
Бұл жобалар 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
 
Қалада жолдар жаңартылып, жарықтандыру және интернет желісі толық жүргізілген. Әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, спорт және білім беру инфрақұрылымы дамытылуда.
 
«Дегелең» станциясында теміржол перронын жаңарту және жаңа вокзал салу жұмыстары жүріп жатыр. Көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылып, спорт және балалар алаңдары орнатылуда.
 
Сонымен қатар жылу жүйесі мен ауыз су мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бос тұрған тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары да жүргізілуде.
 
Жиын қорытындысында облыс әкімі алдағы бағыттарды атап өтті.
 
«Курчатовқа ғылым қалашығы мәртебесін беру өңірдің ғылыми әлеуетін толық ашуға, жаңа өндірістерді дамытуға және экономиканың өсуіне жол ашады. Басты мақсат – ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы тиімді байланысты қалыптастыру», – деді Берік Уәли.
 
Жиын қорытындысы бойынша кешенді жоспар ұсыныстармен толықтырылып, Курчатовта инженерлік және өндірістік инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және кадрлық әлеуетті күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove