Тоқаев тапсырмасы: Шығыстың май өнімдері Батыс елдеріне экспортталуда

Dalanews 21 қаз. 2022 10:59 752

Шығыс Қазақстан облысының май өнімдері Еуроодақ елдеріне экспортқа шықты. Бүгінде жергілікті тауарөндірушілер Франция, Германия, Польшаға өнім жөнелтеді.

Биыл сыртқа сатылатын сұйық майдың үлесі екі есеге артып, 180 тоннаға дейін жетуге тиіс.

Айта кетелік, Президент Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында еліміздің экспорттық потенциалын арттыру туралы тапсырма берген.

"Транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерімізді одан әрі жетілдірген жөн. Әсіресе, шекара бекеттерін жаңғыртуымыз керек. Сондай-ақ, қолданыстағы теміржол және автокөлік бағыттарына балама жолдар табу үшін кешенді шаралар қабылдаған абзал", – деген болатын Мемлекет басшысы.

Президент өңделген өнімнің экспортын дамыту қажет екенін ұдайы еске салып келеді.

Бұл шикізаттың құбылмалы бағасынан сақтанудың кепілі және ұлттық экономиканың сапалы әрі сұранысқа ие тауар өндіру, сондай-ақ, қызмет көрсету қабілетінің көрсеткіші болып табылады.  


Жалпылай алғанда елдегі сұйық майдың өндірісі 30 пайызға өскен.

Ал Шығыс Қазақстан облысында еліміздегі май өнімдерінің 80 проценті шығарылады. Өңірде күнбағыс жинау науқаны әлі аяқталған жоқ. Себебі қыркүйек айында жергілікті шаруаларға 8 мың тоннаға жуық арзандатылған жанар – жағармай жетпей қалған еді. Бүгінде мәселе оңынан шешілген.

Шығысқазақстандық майлы дақыл өндірушілер Қазақстан күнбағыс экспортын өсіруге өлшеусіз үлес қосуда.

Бұған дәлел биыл Қытай еліне сатылған майдың көлемі 5 есеге артқан. Экономикалық зерттеу институты талдаушыларының мәліметі бойынша, отандық өндірушілер мен трейдерлер жарты жылдың ішінде одан 40 млн.доллар табыс тапқан. Әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты оларға Еуроодақ та шыққан.

Шығыста "Май" зауытының директоры Татьяна Костинаның атап өткеніндей сәуір айынан бері зауыттың өнімдері Франция, Германия, Польша, Балтық елдері тасымалдануда. 


Экспорттан түсетін пайданы ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары да санап жатыр. Қазір бидайға қарағанда майлы дақылдардың тиімділігі орасан зор. Сондықтан Үкімет оның үлесін 600 мың гектарға арттырып, 3,5 млн. гектарға дейін жеткізуді көздеп отыр.



Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағындықовтың айтуынша өңір кәсіпкерлері  күнбағыс сатумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат – тұқым өсіру мен өңдеу сапасын жақсарту.

"Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан берілетін субсидия май тұқымын өңдеуге, тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алуға жұмсалатын логистикалық және басқа да шығындарды өтеуге көп көмегін тигізуде", – дейді Сағындықов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, бүгінде Шығыс Қазақстан аумағында өсімдік майын өндірумен айналысатын 17 кәсіпорын бар көрінеді. Ал олардың май өндіру қуаты жылына 814 мың тоннаны құрайды. Өткен жылы өңірде 226,4 мың тонна өсімдік майы өндірілген.

Өткен жылы облыстағы қайта өңдеу кәсіпорындары рафинатталмаған өсімдік майының өндіру көлемін 162 мың тоннаға жеткізсе, рафинатталған майдың өндіру мөлшері 64 мың тоннадан асып жығылған. Қазіргі уақытта өңірде тазартылған өсімдік майын өндірумен Өскемен қаласындағы екі, Шемонайха ауданындағы бір кәсіпорын айналысады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар