Тоқаев: "Қазақстан Путин мен Лукашенконың одағына қосылмайды"

Dalanews 03 мау. 2020 05:25 933

Президент Тоқаев ресейлік "Комсомольская правдаға" сұхбат беріп, елдегі жұп билік, Еуразия одағының келешегі, Қазақстандағы орыстар жайында ой өрбітіпті.


Dalanews.kz осы сұхбатты ықшамдап аударып, оқырман талқысына ұсынды.



Қазақстан Ресей мен Беларустің ортақ одағына қосыла ма? 


Қазақстан аталған екі елмен жан-жақты байланыс орнатқан. Еуразиялық одақтан бөлек ТМД, ҰҚШҰ аясында да әріптестікті дамытудамыз.  Алайда біздің Ресей мен Беларусьтің ортақ одағына қосылар ойымыз жоқ.


Әріптестікті ілгеріде аты аталған ұйымдардың шеңберінде жалғастырамыз. Бізге Еуразия одағының экономикалық әлеуетін арттырған маңыздырақ. Экономикаға басымдық берсек бұл одақ әлемдік нарықтағы беделді ұйымның біріне айналады.



Қазақстанда қос билік орнаған ба?  


Ол тарихи тұлға. Алдағы айда біз оның мерейтойын атап өтеміз. Оның тарихи һәм саяси мұрасын сақтап қалуға тиіспіз.


Әзіргі аласапыран шақта Назарбаев дағдарыстан шығудағы мен ұстанған жаңа экономикалық бағыт пен халыққа материалдық қолдау көрсету туралы ұсынысымды жан-жақты қолдады.


Елімізде ешқандай қос билік жоқ. Керісінше Нұрсұлтан Назарбаев халықты жаңа басшының төңірегіне топтасуға шақырып отыр.



Қазақстандағы орыстар. Олардың құқы қорғалған ба?


Қазақстандағы ұлтаралық татулық ішкі саяси тұрақтылықтың негізгі кепілі. Қазақстандықтар өзін өзгеден бөліп жармайды, біртұтас ұлт, біртұтас халық ретінде қабылдайды.


Қазақстанда "ұлттық азшылық" деген ұғым жоқ. 


Елімізде тұратын орыстың саны 3,5 млн-нан асады. Бұл елдегі халық санының 19 пайызы. Осында тұратын орыстар елімізбен біте-қайнасып кеткен, барлық заңды құқықтарды пайдаланып отыр.


Өткенде "Қазақстандағы орыс диаспорасы" деген тіркесті көзім шалып қалды. Қарамағымдағы сарапшылар мен идеологтарға бұдан былай мұндай ұғымды қолданбауды ескерттім. Орыстар Қазақстанның іргесін бірге қаласқан осы елдің ажырамас бөлігі.



Қазақстан кеңестік кезеңнен қалған елді-мекен, көше атауын жаппай ауыстыруға көшті ме? 


Ескі атаулардан жаппай арылу науқаны басталды демеймін. Бірқатар елді-мекен мен көшелерді өзгертіп, олардың тарихи атауын қайтардық.


Кеңестік кезеңнен қалған көмескі атаулар келмеске кетуде. Айталық "Приканальная", "Тепловозная" секілді елді-мекен атаулары ескірді, оларды жергілікті жұрт та қабылдай бермейді.


Қандай да бір елді-мекен, көше атауын ауыстырарда жергілікті тұрғындардың пікірін ескереміз, оның тарихи негіздемесін іздейміз. Билік Қазақстандағы барлық орысша атауларды ауыстырып тастауды көздемейді.


Жақында Қарағандыда Григорий Потанин мен Александр Затаевичке көше атауы берілді.  


Мемлекеттік жұмысқа тұрарда сляван тектес ұлт өкілдерін шеттету үрдісі жоқ. Өз басым бұл ұйғарыммен келіспеймін.


Сляван тектес және өзге де этностар үкіметте, парламентте және басқа да меморгандарда отыр. Орыстар шағын-орта бизнесте, өндірісте, ауыл шаруашылығында шоғырланған.



Қазақстанда Қырым сценарийі қайталануы мүмкін бе?


Жоқ. Бұл кейбір сарапшысымақтардың сандырағы деп біліңіз. Мұның астарында Қазақстанда саяси тұрақсыздық туғызу, одақтас елдермен араға от салу пиғылы жатыр.



Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі Ресейдің мазасын қашыруда. Бұған негіз бар ма?


Латынға асықпай, баппен көшеміз. Бұған еліміздің тұңғыш президенті бастамашы болды. Назарбаев "латынға ауысу елдегі орыс тілінің ахуалына әсер етпейтінін" әлденеше рет айтқан. Әліпби ауыстыру қазақ тілінің көсегесін көгертудегі маңызды қадам. 


Әлбетте асығып-аптығудың қажеті жоқ. Қазақстан латынға кезең-кезеңімен өтетін болады.



Қазақстандағы Қытай ықпалы қаншалықты күшті?


Орта Азия елдері мен Қытай ерте дәуірден алыс-беріс, барыс-келіс орнатқан. Әріптестіктің негізгі қайнары - Жібек жолы, сауда - саттық болды. Бұл сабақтастық әлі де үзілген жоқ.


Өткен жылы Орта Азия елдері мен Қытайдың арасындағы сауда айналымы 33 млрд доллардан асты.
Сауда-экономикалық саясатты экспансиямен шатастыруға болмайды. Қытай Қазақстанның маңызды экономикалық әріптесі.



Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасы ашыла ма?


Бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. АҚШ пен Қазақстанның арасындағы әріптестік жан-жақты дамуда.


Биологиялық қауіпсіздік саласында Алматыдағы обаға қарсы институтта бірлесіп жұмыс істедік.


Келісім шарт аяқталғаннан кейін америкалықтар үйіне қайтты. Қазір онда тек қазақ ғалымдары ғана зерттеу жүргізуде. Бұл салада ресейлік мамандармен де бірлесіп жұмыс жүргізуге әзірміз. 


Сұхбаттың толық нұсқасын мына арадан оқи аласыз.




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар