Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының қызметіне қатысты жаңа жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құжатқа сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты туралы ереже бекітіліп, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы орынбасарының өкілеттіктері нақты айқындалды.
Енді Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты жаһандық сын-қатерлер мен ел ішіндегі өзекті ахуалға жан-жақты талдау жүргізеді.
Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы орынбасарының міндетіне Кеңес Төрағасының актілері мен тапсырмаларының, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған шешімдердің толық әрі уақтылы орындалуын бақылау кіреді.
Сонымен қатар ол ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдің қорғаныс қабілетін нығайту, заң мен тәртіпті сақтау бағытында жұмыс істейтін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіреді.
Орынбасардың құзырына ақпараттық және киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні қолдану, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл және азаматтық қорғаныс мәселелері де енгізілді.
Бұдан бөлек, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын үйлестіреді, халықаралық байланыстар орнатады және Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының жұмысын ұйымдастырады.
Жарлықта Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының дербес мемлекеттік орган ретінде Президентке тікелей бағынатыны және есеп беретіні де көрсетілген.
Аппарат ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылау жүйесін жетілдіру, мемлекеттік басқарудың орнықтылығын қамтамасыз ету, Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне институционалдық қолдау көрсету және қабылданған шешімдердің орындалуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейді.
Бұл шаралар Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, конституциялық құрылысын және халықаралық аренадағы ұлттық мүдделерін қорғауға бағытталған.