Мемлекет басшысы мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақордада өткен салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ кешені ел экономикасының аса маңызды саласы екенін атап өтті.
– Сіздер осы салада адал еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына мол үлес қосып келесіздер. Бұл нағыз еңбек адамдарына тән қасиет деп санаймын. Жалпы, еліміздегі мұнай-газ өнеркәсібінің өзіндік дәстүрі, бай тарихы бар. Осы саланың қалыптасып, өркендеуіне бірнеше буын өкілдері зор еңбек сіңірді. Сіздерді аға буынның лайықты ізбасары деуге болады. Қазір мұнай-газ саласында екі жүз мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында Қазақстанымыз өркендеп, көркейіп келеді. Мен мұны жоғары бағалаймын. Бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент былтыр қазақ мұнайының 125 жылдығы аталып өткенін еске салып, биыл да осы сала үшін айтулы жыл екеніне тоқталды.
– Атырау мұнай өңдеу зауытының ашылғанына 80 жыл толды. Шымкент мұнай өңдеу зауытына 40 жыл, ал «QazaqGaz» ұлттық компаниясына 25 жыл толып отыр. Бұл мерекелік күндер еліміздің мұнай-газ саласының мән-маңызын көрсетеді. Мұнай мен газ – стратегиялық маңызы бар ресурс, бұл – жұртшылыққа белгілі дерек. Себебі бұл сала еліміздің өсіп-өркендеуіне айрықша ықпал етті. Тәуелсіздік жылдары қара алтынның игілігін молынан көрдік. Қазіргі таңда бұл сала қарқынды дамып келеді. Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы жетекші мемлекеттің бірі саналады. Егемендік кезеңінде еліміздегі мұнай өндірісі төрт есе өсті. Жақын арада мұнай өндіру көлемін жылына 100 миллион тоннаға жеткіземіз, – деді Мемлекет басшысы.