Freedom Inside '26

Тоқаев медицинадағы өзгерістер туралы айтты

Тоқаев медицинадағы өзгерістер туралы айтты
pixabay.com

Қазақстанда халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан өңірдегі көшбасшы елге айналды.

«Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы бүгінде шамамен 76 жасқа жетті. Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша өңірде көш бастап тұр. Бұл – еліміздің даму деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, соңғы жылдары еліміздің денсаулық сақтау жүйесі қарқынды дамып келеді. 2019 жылдан бері Қазақстанда 1300-ге жуық медициналық нысан салынған.

Сонымен қатар барлық азаматтарға сақтандыру мәртебесіне қарамастан базалық медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ нейрохирургиядан бастап репродуктивті медицинаға дейінгі жоғары технологиялық медициналық қызметтер қолжетімді.

«Сонымен қатар біз қоғамға қызмет етуді өмірлік мұратына айналдырған азаматтар үшін лайықты еңбек жағдайын жасап келеміз. Мұғалім мен дәрігер мамандығының беделін нақты істер арқылы көтеріп жатырмыз. Педагогтердің, медицина және әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп келеді. Соңғы үш жылда 1 миллион 200 мыңнан астам адамның еңбекақысы 50 пайыздан 100 пайызға дейін ұлғайтылды», – деді Мемлекет басшысы.