Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай үндеу жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы бұл атаулы күннің Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілгенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміз ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселесінде бейбіт бастамаларды дәйекті түрде қолдап келеді.
Президент осыдан 35 жыл бұрын, халықаралық жағдай күрделі кезеңде Семей ядролық полигонының жабылғанын еске салды. Онда ондаған жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтар халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зиян келтіріп, орны толмас қасіретке ұшыратты.
"Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан кезінде әлемдегі қуаты жағынан төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқанын да атап өтті. Осы тарихи шешімді негізге ала отырып, еліміз атом энергиясы тек бейбіт әрі жасампаз мақсатта пайдаланылуы керек деген ұстанымды қолдайды.
Сонымен қатар Президент халықаралық қауымдастықты Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін жеделдетуге шақырды.
Айта кетейік, 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Бұл дата Семей ядролық полигонының жабылған күнімен тұспа-тұс келеді.