Астанада алғаш рет өтіп жатқан халықаралық «Болашақтың ойындары – 2026» турнирінің ашылу рәсіміне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, жарыстың ресми түрде басталғанын жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Биылғы турнир 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Оған 34 елден 800-ден астам спортшы қатысып, фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, Counter-Strike 2, Dota 2 және басқа да цифрлық әрі дәстүрлі спорт түрлерінде бақ сынайды.
Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстанның мұндай ауқымды халықаралық жарысты қабылдауы ел үшін тарихи оқиға екенін атап өтті.
«Болашақтың ойындары – технология мен спортты біріктіретін жаңа дәуірдің символы. Бұл турнир жастарды біріктіріп, инновацияны дамытуға жол ашады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, фиджитал спорт дене дайындығы мен цифрлық технологияларды ұштастыратын жаңа бағыт ретінде әлемде қарқынды дамып келеді. Сондықтан Қазақстан бұл қозғалыстың белсенді қатысушысы болып, заманауи спорт инфрақұрылымы мен жастардың әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөледі.
Тоқаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, турнирдің халықтар арасындағы достықты нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға үлес қосатынына сенім білдірді. Кейін Мемлекет басшысы «Болашақтың ойындары – 2026» халықаралық турнирін ашық деп жариялады.
Ашылу рәсіміне Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да қатысты.